«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің құрылғанына – 70 жыл. Осы айтулы күннің құрметіне орай Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында мемлекеттік би ансамблінің мерекелік есеп беру концерті өтті.
Кештің шымылдығы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің іргетасын қалаған балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі Зәуірбек Райбаевтың «Биші қайың» биімен ашылды.
Сахнаны сиқырға бөлеп, қазақ биінің алтын қазынасына айналған танымал ұлттық билермен қатар, орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік, моңғол халқының билері түрлі аспаптың сүйемелдеуімен көптің назарына ұсынылды. Кәсіби шеберліктің биік үлгісімен орындалған әр биден алуан түрлі ұлт пен ұлыстың мінезі танылып, мәдениетінің көрінісі айшықталды. Көрермендер адамзат тарихымен бірге өрілген би өнерінің тілсіз құдіретін терең сезініп, қарапайым әрі күрделі қимыл-қозғалыс өрнегінен ізгілік пен достықтың сырын ұқты.
Репертуарында 150-ден аса би қойылымын қамтып, талай талантты қанат қақтырған іргелі ұжым биыл 70 жылдық мерейтойын республика аумағында кең көлемде атап өтеді. Би өнерінің мәдени мұра ретіндегі тарихи маңызын түсініп, іргетасын берік қалыптастыруға күш салған аға буынның аманатына кейінгі толқын жас ұрпақ адалдық танытып, жаңа кезеңге сай соны сүрлеу салып, тың бағыт-бағдар тауып отырғанына осы концерт дәлел.
Халықаралық би күніне орайлас өткен іс-шараның екінші күні Ұлттық кітапханада «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің фотокөрмесі ашылды. Қазақтың қасиетті қазынасын қимыл құдіретімен халық назарына ұсынып жүрген би өнерінің ардагерлері мен майталмандары шақырылған шараға би ансамблінің 1955 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі сахнаны қызылды-жасылды шуаққа шомылдырған 50-ден аса тарихи фотосуреті мен баспа беттерінде жарияланған мақалалар топтамасы ұсынылды. Шара Жиенқұлова табанының ізі қалған өнер ордасының әр кезеңде жеткен жетістіктері және алғыс хаттарымен көркемделген көрмені бекзат өнердің барлық жанашырлары тамашалады. Сыр шерткен суреттер шежіресінің лентасын Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, би ардагері Нұрлыбек Әлдибеков, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы және «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры Елубай Кенжалиев қиды.
АЛМАТЫ