• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:35

Әлеуметке тиімді жоба

20 рет
көрсетілді

Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізудің нәтижесі жақсарып келеді. Биылғы төрт айда әлеуметтік-еңбек сала­сындағы мемлекеттік қызмет­терді проактивті көрсету үшін 188,5 мың адамға SMS-хабарлама жолданды. 97,9 мың адам өтініш берусіз-ақ жәрдемақы немесе төлем алудың игілігін көрді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Отбасы­ның цифрлық картасы мемлекеттік орган­дардың қолданыстағы барлық ақпарат­тық жүйелеріндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінде онда еліміздің 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы мәлімет сақталған.

ОЦК енгізудің басты мақсаты – азамат­тардың  мемлекеттік қолдау жү­йесі­не тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ­мерзімді міндеттері мен бағытта­рын айқындау құралы ретінде белгілен­ген. Сондай-ақ ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты ке­пілдендірілген мемлекеттік қолдаудың кез келген түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» да саналады.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әр азаматқа 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу, әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет. Қандайда бір сұрақ туындаса, осы байланыс орталығына хабарласуға болады.