Астана, Алматыда такси жүргізушілері, курьерлер жұмысқа әбден маманданған. Өзінің, отбасының қамы үшін күні-түні еңбек етуден шаршамайтындар платформадағы жұмысын негізгі табыс көзіне айналдырып үлгерді. Осы үрдіс қоғам, жол қауіпсіздігіне, содан соң еңбек нарығына белгілі бір дәрежеде әсер етіп отыр.
Курьер, таксист болу ермек емес
«Яндекс Global» компаниясының платформа арқылы жұмыспен қамту жобасы нәтижесінде 65 мыңнан астам автокөлік жүргізушісі «Яндекс. Такси» серіктесі ретінде әлеуметтік жағынан қорғалған. Былтыр компания елімізге 29,5 миллиард теңге көлемінде салық төлеген. 2016 жылдан бері ел экономикасына 225 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Яндекс Global» компаниясының бас директоры Даниил Шулейконы қабылдап, «Yandex Qazaqstan» компаниясы қызметінің негізгі бағыттары мен жоспарларын талқылаған еді. Оның ішінде интернет-платформа арқылы халықты жұмыспен қамту, жасанды интеллект технологиясын дамыту бастамалары туралы әңгіме өрбіді. Кездесуде Президент компанияның цифрлық трансформацияға, шағын және орта бизнесті қолдауға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан үлесіне жоғары баға беріп, мәдени мұраны озық технологиялармен интеграциялау мәселесін айтты. Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде мәдени бірегейлікті сақтаудың, қазақ тілі мен мәдениетін цифрлық кеңістікте ілгерілетудің мәні жоғары екенін алға тартты. Демек платформалы жұмыспен қамтуда салмағы бар ірі компания алда жұмысшыларды әлеуметтік қолдауға, қауіпсіздікке басымдық берумен шектелмей, қазақ тілі мен мәдениетін танытатын жаңашылдықтарға басымдық береді.
Медицина, білім, ғылым, IT, экономика, әлеумет, мәдениет, өнеркәсіп, құрылыс, қай сала болсын білімді, епті, бәсекеге қабілетті маманға зәру. Қазір курьерлікте, таксиде жүргендердің басым көбі мамандыққа, жалақыға, жұмыс режіміне көңілі толмай қолды бір-ақ сілтегендер десек, жаңылмаймыз. Басшымен келіспей, араздасып, мамандықтан көңілі қалғандар да кездеседі. Айта берсек, жекелеген адамдардың таңдаған кәсіптен алыстауына себеп-салдар жетеді. Таксиде күнделікті табысың қолға тиеді. Курьерлер де солай, әр тапсырысының ақысы сол мезетте түседі. Жалақыны айлап күтпей, тапқанын күнделікті алып отырған жұмысшының көңілі тоқ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдап, платформа арқылы жұмыс істейтін жастардың саны, олардың жұмысшы мамандықтардың ішіндегі үлесі туралы сұрап білдік.
«Платформалық жұмыс елдегі көптеген адамның нақты табыс көзіне айналып келеді. Біздегі платформалық жұмыспен қамтудың ең кең таралған түрлерінің бірі – такси қызметтері: «Яндекс. Такси», «Uber», «InDrive», тағысын тағы. Сол секілді курьерлік жеткізу қызметінде «Glovo», «Wolt» секілді компаниялар бар. Алайда интернет-платформалар арқылы жұмыспен қамтылған адамдардың санына қатысты ресми статистикалық деректер қалыптастырылмайды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, елімізде әртүрлі интернет-платформалар арқылы шамамен 1 миллионға жуық азамат қызмет көрсетеді», деп жазылған министрліктің бізге ұсынған қысқа хабарламасында.
Саладағы кемшілік реттеліп келеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин интернет-платформаларда жұмыс істейтін отандастардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айтады. Дегенмен олардың басым көпшілігінде зейнетақы жинақтары жоқ. Сол себепті уақытша еңбекке жарамсыздық жөніндегі жәрдемақы, тегін медициналық көмек секілді әлеуметтік кепілдіктерден қағылған. Бүгінде дәл осы кемшілікті реттеу тұрғысында заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Оның ішінде салық, әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесі төмендегені платформа арқылы жұмыс істейтіндердің оң жамбасына келетін шешім. Бұл туралы вице-министр былай дейді:
«2023 жылы Әлеуметтік кодекске интернет-платформаларға қатысты ұғымдар, сондай-ақ жеке тұлғалардың такси тасымалдаушысы ретінде танылуын реттейтін автомобиль көлігі туралы заңға түзетулер енгізілді. Мемлекеттік кірістер комитетімен, «Яндекс. Такси» компаниясымен бірлесіп, интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін тұлғаларға салықтық әкімшілендірудің баламалы тәртібін қолдануға қатысты қанатқақты жоба іске асырылды. Осы тәсілді сынақтан өткізудің нәтижесінде 2024 жылғы 1 шілдеден бастап заңнамаға бірқатар түзету енгізілді. Атап айтқанда, мобильді қосымшаны пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлерге арнайы салық режімін қолдану шарттары жеңілдетілді. Салық және әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесі 4%-ға дейін төмендеді. Осыдан кейін интернет-платформа операторлары салық агенттері ретінде танылды».
Қысқасы, қазір министрлік қолға алып, үйлестірген жұмыстар платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақысына, медициналық сақтандыруына қолайлы. Ауру-сырқатты МӘМС аясында тегін медициналық көмек ала алады. Қарттық таяғанда зейнетақы жарнасының шарапатын көреді. Платформалы жұмыста еңбек ететіндердің саны миллионнан асып бара жатқанын ескерсек, дер кезінде қабылданған заң талай адамның әлеуметтік мәселесін оңалтатынына сенім мол.
Мопедті куәліксіз басқара алмайсыз
Тағы бір маңызды хабарды айталық, 5 сәуірден мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге теңестірілді. Яғни мопед иелері осы мерзімге дейін көлігін тіркеп, жүргізуші куәлігін алуға тиіс. Оған А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болса жарайды. Сосын жүргізушілер техникалық тексеруден, азаматтық жауапкершілікті сақтандырудан өтуге тиіс. Бұдан былай тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынады. Мопед жүргізетіндерге заң талаптарын қатаңдатпасқа амал қалмады. Ірі қалаларда қаптаған көліктің арасымен зулаған талай жас, жасөспірім оқыс жағдайға ұрынды. Соңы қайғылы аяқталатын оқиғалар жиіледі. Заң талаптары жол жүру ережелерінен хабарсыз, жүгенсіз жүргізушілерді біршама тиятыны анық. Алматыда курьер болып жұмыс істеп жүрген Бағлан Қарлыбай әлеуметтік қолдау шаралары, мопедті тіркеуге қатысты заң қазіргі жұмысына еш кедергі келтірмегенін мәлім етті.
Суретті түсірген – Алмас ҚАЙСАР
– Өзім отбасылымын, екі баламыз бар. Мопед жүргізетін курьерлердің табысы жақсы дегенді естіп, ауылдан Алматыға баруды жөн көрдім. Алғашында мопедті жалға алдым. Ай сайын төлейтін пәтер ақысы тағы бар. Табысы жақсы. Күнделікті тынбай жұмыс істесең 35-40 мың теңгенің төңірегінде түседі. Мысалы, бүгін түс ауа жұмысқа шығып, кешке дейін 20 мың теңге таптым. Жуырда мопед сатып алып, тіркедім. Нөмір алдық. Мопедтерді тіркеуге қатысты заң күшіне енгелі қалада көліктің осы түрі азайып кеткенге ұқсайды. Шын мәнінде, қауіпсіздік тұрғысында бұл ұтымды шешім. Салыққа жеңілдіктер жасалғаны да қуантады. Бұрын салыққа ай сайын 22 мың теңге аударсақ, қазір 18 мың теңге төлейміз. Ол аз десеңіз, 18 мың теңгенің ішінен зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыруымызды ұстап қалады, – дейді Б. Қарлыбай.
Бағланның негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Ауылда табыс аз, қаладағы ірі компаниялар тәжірибесі жоқ жасты жуытпайды дейді. Отбасылы адамға бірер жыл табысты ұмытып, тәжірибе арттырамын деп жан бағу қиын. Кейіпкеріміз сөзін түйіндей келе ауылда мамандық бойынша жұмыс істеуге 250-300 мың теңге жалақы ұсынатындар табылса, баруға дайын екенін айтты. Алматы, Астанаға елдің әр аймағынан такси жүргізуге, курьер болуға баратын жастар жетеді. Олар таңнан кешке дейін қала қарбаласынан қажыса да, кері шегінбеуге тырысып жүр. Осындай еңбекқор жастарды мамандығы бойынша жұмысқа тартсақ, еңбек нарығындағы тапшы мамандардың орнын толтыруға мүмкіндік туады. Такси жүргізу секілді курьерлік қызмет те жастардың ермегі емес. Сондықтан қазір платформа арқылы жұмыс істейтіндердің қамы үшін маңызды заңдар қабылданып жатқаны қуантады. Қызмет көрсету сапасы оңалғаны, салада бәсеке күшейгені бәрі-бәрі тұтынушыға, яғни бізге тиімді. Әйткенмен, екінші жақта жоғары білімі бар немесе жұмысшы мамандықты игерген қабілетті жастардың тұрақты жұмыс таба алмай сенделгені де қынжылтады.