• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект Бүгін, 09:10

Жасанды интеллектіні жүйелі енгізген банктер

60 рет
көрсетілді

Еліміз қаржы технологияларын енгізуден Орталық Азияда ғана емес, әлемде де алдыңғы қатарда тұр. Кейінгі бес жылда елдегі финтех-стартаптардың саны төрт есеге өсіп, цифрлық төлемдердің қолдану деңгейі 91%-ға жетті. Бұл көрсеткіш көптеген дамыған елдерден жоғары. Цифрлық валюталарды қанатқақты жобалар арқылы іске қосқан әлемдегі 26 елдің қатарында. Әсіресе банк жүйесі көш басында.

10 есе өскен

2023 жылы Visa, Ұлттық төлем корпорациясы мен Halyk, ЦентрКредит, Altyn Bank серіктестігімен әлемдегі алғашқы цифрлық теңгеге байланған төлем картасы іске қосылды. Бұл – осы саладағы айтулы оқиға. Ұлттық банк төрағасы­ның орынбасары Ақылжан Баймағамбетов­тің айтуынша, елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдер кейін­гі бес жылда 10 еседен ас­там өскен және бөлшек сауда ай­налымын­дағы үлесі 89%-ға жет­кен. Бұл цифрлар елі­міз­­дің қаржы секторын­дағы цифр­ландырудың озық екенін дәлелдейді. Visa ком­пания­сының Украина мен Грузиядағы, ТМД, Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі Money Movement Solutions бағытының жетекшісі Санжар Сүлеймановтың айтуынша, еліміз халықаралық әрі жергілікті нарық ойыншылары үшін инновациялық технологияларды енгізу алаңына айналған.

– Біз еліміздегі финтех экожүйесінің белсенді дамып, ынтымақтастыққа, озық шешімдерді енгізуге, жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік беретінін көріп отырмыз. Бұл тек төлем үде­рістерін жақсар­туға ғана емес, эконо­мика­лық өсім­ді ынталандыруға да ық­пал етеді. Елімізді инновация­лардың маңызды орталығы етеді, бүкіл индустрияның одан әрі өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді ол.

Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев­ке банктің цифрлық эко­жүйе­сі, жасанды интеллект (AI) қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар, GovTech саласындағы жетістіктер және еншілес құрылым – Tenge Bank-тің инновациялық шешімдері туралы баяндады. 

 

Halyk Bank цифрлық экожүйесінің ауқымы

Halyk Bank-тің цифрлық эко­жүйе­сін ай сайын 8 миллион адам пайдала­­нады. Тек банктің мобильді қосымшасында 66-дан астам мемлекет­тік қызмет интеграцияланған, бұл отандас­тарымыздың өмірін айтар­­лықтай жеңілдетеді. Қосымша арқылы көрсетілген қызметтер саны 50 миллионнан асты.

Банк цифрлық қызметтерін үздіксіз дамытып, жаңа мүмкін­діктер ұсынып жатыр. Мысалы, бизнеске арналған «Online Security» мен бұлтты бухгалтерия сервистері іске қосылды.

Halyk Bank басқарма төраға­сының орынбасары Нариман Мұқышев банк қызметінде жасанды интеллектіні енгізудің нәтижелері туралы айтып берді. Оның сөзінше, кейінгі бір жыл ішінде банк AI технологияларын қолдана отырып бірнеше маңызды жобаны сәтті жүзеге асырды.

– Біз жасанды интеллектіні код жазуда, клиенттерді санаттарға бөлу әрі кредиттік талдау жүргізуде белсенді қолданамыз. Сонымен қатар оны комплаенс жүйесінде пайдаланамыз, бұл санкциялық тәуекелдерді анықтауға, болдырмауға мүм­кіндік береді. Бұл технология­ны дамытып, қолдану аясын кеңейту­ді жалғастырамыз. Бірін­шіден, банк кодты автоматты түрде жазу көмекшісін іске қос­тық. Бұл жасанды интеллект бағ­дар­ламалауды оңайлатып, жаңа өнімдер мен қызмет­терді әзірлеу жылдамдығын арттырды. Енді бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу жылдамырақ, тиімдірек өтеді. Екіншіден, Halyk Bank клиенттердің өтініштерін өңдеуде жасанды интел­лектіні белсенді қолданады. AI алго­ритм­дері клиенттерден келіп түсе­тін сұрауларды жылдам тал­­дап, оларға автоматты түрде жауап береді. Үшінші­ден, қағаз құжат­тармен және бэк-офис үдеріс­терімен жұмыс істеуді оңтай­­лан­дырдық. «Onlineduken» платфор­ма­сында енгізілген AI технология­сы құжаттарды цифрлық форматқа ауыстыруды, оларды талдауды әрі сақтауды автоматтандырды, – деді Нариман Мұқышев.

Halyk Bank жақында жаңа өнім – Tax Advisor-ды таныстырды. Бұл жүйе Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп әзірленді, алдағы айларда қолжетімді болады.

– Бұл жүйе жеке, заңды тұлға­ларға олардың қызметіне ең тиім­ді салық режімін таңдауға көмек­теседі. Мысалы, көптеген мем­лекеттік субсидиялар, грант­тар мен қолдау шаралары бар, бірақ шағын кәсіпкерлер олар ту­ралы білмеуі мүмкін. Біздің мін­детіміз – оларға осы мүм­кін­діктерді көрсету, бизнес жүр­гізудің оңтайлы жолдарын ұсыну. Жасанды интеллект бұл өнімде де маңызды рөл атқара­ды, ­ол құқықтық актілер тура­лы мә­ліметтерді жаңартып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат жинап отырады, – деп түсіндірді Нариман Мукушев.

 

Altyn-i: Жасанды интеллект пен блокчейннің жаңа дәуірі

Еліміздің Altyn-i (Altyn Bank) цифр­лық банкі қаржылық техно­ло­гия­ларды жаңа деңгейге көтеріп, заманауи шешімдер арқылы клиенттерге ыңғайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуде көш бастап келеді.

– Altyn-i банкінде жасанды интеллект технологиялары клиенттерге жеке қаржылық кеңестер беруге, шығындарды жоспар­лау­ға және банктік операцияларды автоматтандыруға қолданылады. Клиенттер сұрақ қой­ған­да немесе кеңес сұрағанда, AI техно­логиясы олардың қажеттілік­терін анықтап, жекелендірілген ұсыныстар береді. Сонымен қатар банк ипоте­калық кредиттерді рәсімдеу, кепіл мүл­кін тіркеу үдерісін блокчейн арқы­лы қауіпсіз етеді. Бұл технология деректерді қорғап, оларды бұрма­лаудан сақтайды. Нәтижесінде, клиент­тер үшін жылдам әрі сенімді қыз­мет көрсетіледі. Altyn-i мобильді қосым­шасы үнемі жетілдіріліп отырады. Қосымшада Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay және QR-кодтар арқылы жылдам төлемдер қолжетімді. Қарапайым интерфейс пен интуитивті дизайн пайдаланушыларға банктік операцияларды оңай орындауға мүмкін­дік береді, – деген мәлім­деме берді банк баспасөз қызметі.

2024 жылы Altyn-i цифрлық банкі бірқатар маңызды қызметтерді енгізді. Клиенттер өздерінің жеке куәлігі, жүргізуші куәлігі, дипломдар, неке және бала туу туралы куәліктерді цифрлық форматта пайдалана алады. Автокөлікті онлайн қайта ресімдеу қызметі іске қосылды, бұл физикалық тұлғалар арасындағы автокөлікті оңай тіркеуге мүмкіндік береді. Клиенттер автокөліктің меншік иелері туралы ақпаратты, сондай-ақ салынған шектеулерді тексере алады. Kassa24, Paydala, Qiwi Kazakhstan терминалдары арқылы кредитті өтеу және толтыру мүмкіндігі кеңейтілді. CaspianEx серіктестігімен криптоәмиянды толтыру мүмкіндігі қосылып, клиенттерге заманауи қаржылық құралдар қолжетімді болды.

–  «Алтын бөліп төлеу» бағдар­ламасы аясында Bazis Corporation және Sensata құрылыс компания­ларымен серіктестік орнаты­лып, онлайн ипотека рәсімдеу жеңіл­детілді. Мобильді қосымшада қауіп­сіздікті күшейту және әлеу­меттік инженерияға қарсы қорғаныс шаралары енгізілді. Ең үздік 5 автодилер (Orbis, Allur, Astana Motors, Doscar, Aster) арқылы автокредит беру қызметі іске қосылды. 2024 жылға қыркүйектен бастап, кепілсіз кредиттер бойынша жұбайының келісімін алу толығымен онлайн форматта жүзеге асырыла­ды. Kaspi QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі қосылып, бұл төлем­дерді жылдам әрі ыңғайлы етті. Ин­вес­тициялық серіктестікті ке­ңей­ту мақсатында Investlink плат­­фор­масы арқылы клиенттер­ге жаңа ин­вестициялық мүмкін­дік­тер ұсынылды, – деді Altyn bank.

 

Жасанды интеллект қаржылық алаяқтардан қорғайды

Айтпақшы, елімізде банктер қар­жы­лық алаяқтардан қорғау үшін жасанды интеллект технологиясын енгізіп жатыр. IBA Group халықаралық IT компаниясының мәліметінше, өзін-өзі оқытатын алгоритмдер күмәнді тран­закцияларды бірден анықтап, тоқтатады әрі мамандарды хабардар етеді.

– Қаржылық алаяқтық – банк­т­ер мен криптовалюта әмиян­дарында шоты бар кез келген адам үшін негізгі қауіп. Кейінгі екі жылда алаяқтардың  шабуылдары 20%-ға өсті. Сарапшылар еліміздегі ең кең таралған схемаларды атады: криптовалюта алаяқтығы – адамдар ақшаларын алаяқтардың шотына аударады; «туысыңыз қиындықта» – жәбірленушіге қоңырау шалып, туысының жол апатына түскенін хабарлайды; «құқық қорғау органдарына көмек» – алаяқтар жәбірленушіні қылмыскерлерді әшкерелеуге көмек­тесуге шақырады. Банктер транзак­циялық және сессиялық антифрод жүйелерін пайдаланады, бірақ олар клиенттің толық профилін немесе барлық дерек­ті көрмейді. Бұл шектеулер­ді жасанды интеллект жоя­ды. Машиналық оқыту алгоритмдері транзак­циялар мен клиенттер­дің мінез-құлық тарихын талдап, күмән­ді операция­ларды уақытында анықтайды, – дейді IBA Group мамандары.

Банктеріміз AI негізіндегі жүйелерге жаппай көшіп жатыр. Оларды енгізу 6-12 айға созылуы мүмкін. Жүйелер қолданыстағы үдерістерге оңай бірік­тіріліп, қайта құруды қажет етпейді. IBA Group топ-менеджері екі деңгейлі AI шешімдерінің тиімділігін атап өтті. Олар клиенттің жеке мінез-құлқын және алаяқтық схемаларын бір уақытта талдайды. Егер операция екі параметр бойынша күдік тудырса, жүйе оған жоғары тәуекел деңгейін тағайындайды. Бұл алаяқтықты анық­таудың дәлдігін арттырады, жалған бұғаттаулар санын азайтады.

– Әлемде жасанды интеллект жай ғана тренд болудан қалды. Ол бизнестің стратегиялық басымдығына айналды. Қаржы секторы бұл технологияны енгізуге жоғары дайындық көрсетіп отыр. Қазақстан банктері жасанды интеллектіні клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсарту, шығындарды азайту және операцияларды жеделдету үшін пайдаланады. Жасанды интеллект банктерге клиенттерге 24/7 қолжетімділік, жылдам қызмет көрсету, шығындарды азайту мүмкіндігін береді. Бұл тек цифрландыру ғана емес, қаржы секторын қайта қалыптастыру, – дейді халықаралық IBA Group компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Иван Сукман.

Соңғы жаңалықтар