• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Балалар Бүгін, 09:22

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

30 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиында сондай-ақ зорлық-зомбылықтың, буллингтің алдын алу және балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру шаралары қаралды.

Кеңес барысында бала­ларға қатысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған мемлекеттік органдар қабыл­дап жатқан жүйелі шаралар талқыланды. Әсіресе кәме­летке толмағандарға қатыс­ты сексуалдық сипат­тағы қыл­мыстар үшін жауап­кер­шілікті күшейтуге, профи­лактикалық жұмысты жандан­дыруға және балалар арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған заңнамалық әрі институционалдық өзгеріс­терге баса назар аударылды.

«Әкімдіктер бұл жұмысқа белсенді араласуға тиіс. Ата-аналармен және ұстаздармен түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп, мектеп және медицина психологтерімен тығыз байланыс орнатуы қажет. Сонымен қатар жазғы сауықтыру маусымына дайындықты үнемі бақылауда ұстау керек. Бала­лар құқықтары жөніндегі уәкілдер институтымен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Оның қызметі тек әрекет етуге емес, алдын алуға да бағытталуға тиіс. Біз балалардың өміріне қауіп төнуіне жол бере алмаймыз, барлық уәкілетті органдар алдын ала әрекет етуі қажет», деді Е.Көшербаев.

Балалардың жазғы кезең­дегі қауіпсіздігін қам­та­масыз ету бойынша про­филактикалық шаралар аясында кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Буллинг үшін және 16 жасқа дейінгі балаларды қоғамдық көліктен күштеп түсіру жағдайларына байланысты әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 58 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде балаларды заңсыз әрекеттерге тарту белгілері бар 11 арна бұғатталды.

«Әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы балалардың қатысуымен орын алады. Сондықтан біз балаларды тасымалдайтын барлық автобусты тексеруді күшейттік. Қажет болған жағдайда полиция автобусқа да жол бойы ілесіп жүруге дайын»,  деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Ермек Көшербаев ерекше білім беру қажеттіліктері бар, мүмкіндігі шектеулі балалардың, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балалардың жазғы демалысқа толықтай қам­тылуы маңыз­ды екенін айт­ты. Осы мақсатта өңірлер ара­сында ынтымақтастық ұйым­­дастырылады: балалар киелі жерлер мен тарихи орындарға саяхаттап, түр­лі шығармашылық және танымдық жазғы жоба­ларға қатысады. Бұл ретте бала­лардың өмірі мен денсаулығы жолда да, демалыс орнында да толықтай қорғалады.

Кеңес қорытындысы бо­йынша вице-премьер барлық уәкілетті мемлекеттік ор­ган­дарға ведомствоара­лық үйлес­тіруді күшейтуді, жазғы кезеңге жоспарлан­ған шаралардың орындалуын қатаң бақылауды және балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңартылған кешенді жоспарды Үкіметке ұсынуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар