Павлодар облысында суға түсу маусымына орай 47 жағажай жасақталады. Олардың инфрақұрылымы жақсартылып, суға түсетін жерлерге барлау жүргізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ашылатын жағажайдың 27-сі – коммуналдық, өзгесі жеке меншік. Мамандар Ертіс өзені өз арнасына түскен соң сүңгуірлер суға сүңгіп, жағажайларды барлап шығатынын айтады. Суға түсу маусымы шамамен маусым айының басында ашылуы ықтимал.
- Қазір құтқару қызметтері демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы мамандарды даярлап жатыр. Әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше мән беріледі. Облыс аумағында биыл 123 каркасты-модульді бассейн қызмет етеді. Ал суға түсуге тыйым салынған аймақтардағы ескерту белгілеріне қосымша QR-кодтар орнатылады. QR-кодтар арқылы демалушылар жағажай туралы ақпарат ала алады. Яғни оның тереңдігі, қандай да бір оқыс оқиға болатын болса, осы ақпаратта белгіленеді. Қазіргі таңда 45 QR-код орнатылған,-дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай.
Өткен жылы облыста 8 адам суға кетіп, көз жұмған. Оның біреуі бала. Төтенше жағдай мамандары қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналар балаларын су айдындарына бақылаусыз жібермеу керек екенін ескертеді.
Павлодар облысы