«Тұлғаны дәуір туғызады» деген тәмсіл бар. Әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік лауазымды қызметтегі тұлғалар да өз дәуірінің қайшылықты оқиғаларымен, оның соқтықпалы қиян қиындықтарымен, асуларымен, өткел бермес ағыстарымен айқаса жүріп, кейде үндесіп, кейде түсінісіп, кейде түсініспей, ақыры бір мақсатқа жұмылғанда қоғамда келісім қалыптасып, табыстар да, жемісті жеңістер де елге танылады.
Тәуелсіз мемлекеттігіміздің Конституциясында тайға таңба басқандай айшықты, әрі ең маңызды, ең сезімтал буыны – атқарушы билік, басқарушы аппарат, басқару жүйесі.
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы – сол атқарушы биліктің көрнекті өкілі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев.
Ел басқару, халықтың тұрмыс, тіршілігін ұйымдастыру – билік басындағы азаматтан шынайы адалдық пен әділдікті, орасан білімділік пен біліктілікті, жауапкершілік пен іскерлікті, сезімталдық пен көрегендікті, қажымас қайраткерлік пен жасампаздықты, сарқылмас төзімділік пен тапқырлықты талап ететінін айтсақ, осы қасиеттердің бәрі Қырымбек Елеуұлының жүрегі мен санасында терең ұялаған.
Қырымбек Елеуұлы Көшербаев арғы тегі елін, жерін қаһармандықпен жаудан қорғап, қайсар ұрпақ жалғастырған Жалаңтөс, Жанқожа батырлардың, беріде – көш бастап, жылқы айдаған атасы Көшербай, ел басқарған әкесі Елеу, анасы Дәнеш Құрманбайқызы қазақ руханиятының қайнар бұлағының көзін ашуға жанын салған Темірбек Жүргеновтің туысы болса, Қырымбектің ұлтқа қызмет ету жолына түсуі де кездейсоқтық емес. Тектілік жалғасы – парасат парызы десек болар еді.
Алайда тегі қанша мықты болғанымен ол өздігінен діттеген жерге жете бермейді. Талпынбаған адамға қандай да мықты тек өздігінен кепілдік бере алмайды. Тектілік пен қанның қасиетін көтере алған адам ғана мұратқа жететінін Қырымбек ерте түсінген жігіт.
...1994 жылдың басы Мемлекеттік тәуелсіздік алғанымыздың үшінші жылы. Кеңес одағы кезіндегі сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттардың өз бастамаларымен тарап, жаңа сайлау өткізуге дайындалып, еліміздің жаңа мемлекеттік құрылысы, экономикасы, халықаралық қатынастары, ішкі саясаты – тағы басқа салаларды жүйелеп, қалыптастырып, қарбаластап жатқан шақ.
Алматы қаласы КОКП басқаруы тұсында саяси партия жағынан да, әкімшілік басқару жағынан да Алматы облысының басшылығында болатын. Жаңа заманда, облыспен теңестіріліп, тікелей республика Президентіне бағынатын құзырлы әкімшілік мәртебеге ие болып, оның басшысына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Заманбек Нұрқаділов бекітілді.
Бүгін үйреншікті болып қалған қалыпты жағдай – ол жылдары шын мәнінде астананың да беделін көтеріп, басқару жүйесіне жаңа тыныс беріп, қала тұрғындарының қоғамдық белсенділігін күшейткен көтеріңкі көңіл күйде еді. Заманбек те өзінің құрылысшы мамандығын, қала басшылығының әртүрлі лауазымдарында жинақтаған мол тәжірибесін жұмылдырып, төңірегіне білікті қызметкерлерді топтастырып, жаңа дәуірдің талаптарына сай еңбек етуге барын салып жүрді.
Бір күні менен Заманбек Қырымбек Көшербаев туралы пікірімді сұрады. Оның да жас маман, құрылысшы-инженер, өндіріс, комсомол, Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, кандидаттығын қорғап, қай қияға салсаң да ері ауытқымайтын қайраттылығын, сенімділігін айттым. Мұқият тыңдап:
– Бәрі жақсы, бірақ Алматыны білмейді ғой, – деді.
– Замаш, сен екеуміз де осы Алматыға ауылдан, елден келдік емес пе?..
Біраз үнсіздіктен кейін өзінің мінезіне тән батыл шешімдігімен: «Мен кездесейін», – деп кесіп айтты.
...Сол күні Республика Президентінің жарлығымен Алматы қаласының ең үлкен Бостандық ауданының әкімі болып Қырымбек Елеуұлы Көшербаев тағайындалды.
Қырымбек сол қызметке келгенде жан-жағына қарайлап, алды-артын өлшеп, пішіп, елмен танысып, уақыт өткізбеді. Дәл бір осы қызмет оны күтіп тұрғандай – өзі де осы Бостандық ауданында туып-өскендей, азаматтармен ежелден таныс, біліс араласып жүргендей құзырындағы ауданына жаңа леп, серпін беріп, қала тұрмысына кірісіп-ақ кетті.
Біздің бауырымыз Алланың берген сыйы – өмірінің өсу кезеңдерінде уақытын босқа өткізбеді. Шашылмады. Әуел бастан ата тәрбиесінен үйренген ширақтығын ширықтыра түсуден айнымады.
Жастық шақтың жарқ-жұрқ еткен қызыққа толы жылдарының шақыруларына алданбады, тұрмысының қамсыздығына мастанбады. Шатаспай, жаңылмай жолын таба білді. Мектептен бастап, барлық жоғары, ірі оқуларын үздік жүріп тәмамдады. Оқуын, ізденуін жыл өткен сайын өрістетіп, оның ең биік дәрежелерін игерді. Диссертацияларын Мәскеудегі ең мықты, ең алдыңғы қатарлы, талабы биік ғылыми кеңестерде қорғады.
Оқу білімімен қатар қоғамдық жұмыстардың да белсендісі болды. Спортпен шұғылданып, жарыстарға қатынасып, спорт шебері дәрежесіне де жетті.
Көшербай атасының қасында жүріп еңбектің бейнеті мен зейнеті болатынын бала кезінде саналы түрде түсіне қоймағанымен, тек еңбекпен мақсатына жететініне сенімді болды. Білікті маман болғанынан бастап, жұмыстың, қызметтің, үлкен-кіші лауазымның жауапкершілігін сезініп, түйсініп өсті. Қандай қызмет істесе де, тыңғылықты, тиянақты болып, нәтижеге қол жеткізіп жүруге ұмтылды. Үйрете жүріп, үйрене беруді есінен шығармады.
Өз дәуірінің адам тану, қоғам тану, адамдармен жұмыс істеу мектебі болған жастар одағы – комсомол мектебінің жақсы жақтарын бойына сіңірді.
Мемлекеттік тәуелсіздігімізге қол жеткізген алғашқы жылдардан мемлекетшіл жас жігіт Қырымбек Көшербаев қоғамның қайшылықты жағдайларының бел ортасында жүрді.
Бұрынғы басқарушы компартия, социалистік догматикалық экономика жүйесінен бас тартып, жаңа басқару жүйесін қалыптастырып, бүкіл өмірімізге реформа жүргізу міндеті тұрғанда, сол реформаларды бастаған Нұрсұлтан Назарбаев әріптестерінің қатарында болып, түбегейлі өзгерістер жүргізіп, ел тұрмысын жақсартуға білек сыбанып, бел буып қажымай, талмай нәтижелі еңбек етті.
Ең сындарлы жылдарда біріккен Білім, мәдениет, денсаулық сақтау министрлігін, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Сыр өңірі – Қызылорда облыстарын халық талабына сай басқарып, ел тұрмысының сапасын көтеріп, үлгілі, өнегелі еңбек етті. Әкім қызметінің үлгісін көрсетіп, беделін көтерді.
Қырымбек Елеуұлының бастамашылдығымен елді мекендерге газ отын жүргізу, жолдар, көпірлер, аурухана, мектептер, мәдениет, театр ғимараттарын салдыру, тарихи ескерткіштерді, әсіресе Жәңгір хан мен Дәулеткерейдің кесенелерін тұрғызу, Бөкей ордасының кешенін қалпына келтіру сияқты еңбектерінің әрқайсысы бір-бір баянға арқау болатын құнды дүниелерді күрделі жөндеулерден өткізіп, халық игілігіне жаратқанын, сондай жұмыстарға сол кезде де, бүгін де елдің, қоғамның ризашылығын айтуымыз да орынды болар еді.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің ерекше рәмізі, айшықты көрсеткіші саналатын көршілес мемлекеттермен шекаралық келісімдер туралы сөз көтергенде, солтүстіктегі көршіміз – Ресеймен шекаралық келісімдердің аса жоғары маңыздылығын түсінбейтін адам жоқ шығар. Қырымбек Елеуұлын Ресейге қазақтың елшісі деп жібергенде Нұрсұлтан Әбішұлы осы жұмысты Көшербаевтың елдегі тәжірибесі, шетел лауазымды тұлғаларымен қарым-қатынасы, тең дәрежеде сөйлесе алатын білімі, қабілеті, өткірлігі, өтімділігі, тапқырлығы ескерілгенінен де хабарымыз бар. Оған қоса ертеден мәскеулік достары да аз болмады.
Мемлекет тарапынан Қырымбек Елеуұлына жүктелген Қазақстанның Ресеймен 7562 шақырым шекаралық келісіміне бірнеше жыл бойы көптеген келіссөз жүргізу нәтижесінде 2004 жылы Н.Назарбаев пен В.Путин қол қойды. Осы орайда айта кететін бір жағдай – бұрын кеңес одағы кезінде Ресеймен арадағы шекара бір мемлекеттің ішіндегі республикалар арасындағы әкімшілік шекара болған. Енді екі мемлекет арасындағы тең құқықтық шекара мәртебесіне ие болды.
Сондай-ақ Қырымбектің бастамасымен Мәскеуде Абайға, Әлияға, Мәншүкке, Омбыда Шоқан Уәлихановқа, Петерборда Жамбылға, Волоколомскіде Бауыржан Момышұлына, Томда Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш қойылды.
Жоғарыда айтқан сөздерімнің еш мадағы, мақтауы жоқ. Ол – лауазымды мемлекеттік қызметкер ретінде ел алғысына ие болған кәдімгі қарапайым жан. Бірақ ондай мемлекеттік еңбек әркімнің үлесіне тие бермейтіні де бар. Тиген күннің өзінде абыройға ие болуы да оңай шаруа емес. Қырымбек өз тұсында аянбай еңбек еткені де, ел алғысына ие болғаны да ақиқат.
Қырымбек Елеуұлы талай қайшылықтар мен сәтсіздіктерді де басынан өткізді. Оның себептерін талдап жатудың бүгін қажеті жоқ. Сынақсыз қызмет болмайды. «Сүрінбейтін тұлпар жоқ». Мәселе – сол сынақтардан өтуде.
Біздің Қырымбек сол сынақтардан азаматтық арын сақтап өтіп, ұлтына қызмет етуін абыроймен жалғастырып келеді.
Қырымбек Елеуұлы еліміздің Мемлекеттік хатшысы қызметінде болған жылдары Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен Саяси репрессиялардың құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын жүргізді.
Лауазымды қызметкерлер атқаратын талай қиын жұмыс бар. Бірақ халқымыздың басына түскен саяси қуғын-сүргін, ашаршылық тағы басқа нәубеттер тарихымыздың ең ауыр жолдарын ашу да, анықтау да қиынның қиыны.
Президент тапсырған осы қиын жұмысты да Қырымбек Елеуұлы абыроймен атқарып шығып, оның қыр-сырларына арналған «Зұлмат» деген кітап шығарды. Кітап толығымен бұрын ашылмаған құпия деректер. Жан түршігерлік оқиғалар. «Зұлматты» жайбарақат оқу мүмкін емес. Жазықсыз құрбандарға тағзым. Ұрпаққа сабақ.
Ұрпағының өсіп-өнуін өз өмірінен артық қойып, оның болашағы үшін басын тігіп, жанкештіліктен тартынбаған бабаларымыз қаншалықты қатаңдықпен болса да, сана сапасын бүгіндік баршылықтан жоғары көріп, «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», немесе «Бір ұл бар – әкесіне жете туған, бір ұл бар әкесінен өте туған, бір ұл бар – кері жүріп, кете туған», деген сөзді ерте заманда-ақ айтып қойған.
Бұл аталы сөздің барлығы да ұрпақтан ұрпақ мықтырақ болып келіп, ұлттың сапасы көтерілсін деген ниеттен туындаған тілек екені де белгілі.
Елдік тарихымызда өз дәуірінде ұлттың мәртебесін беріктеп, намыс туын көтерген әулеттер, отбасылар, жеке батырлар жеткілікті. Бірақ көптік қылмайды.
Сондай ұлтқа, келешек ұрпаққа үлгі- өнеге бола алатын қазақтың бір әулеті Көшербай ұрпағы дер едім.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері