• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 09:25

«Семей» шекара шебін күзетеді

20 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы «Зенит» зауыты өздері жа­­­саған 36-күзет ке­­­ме­­сін су­ға түсірді. Семей қа­­ла­­­сы­­ның атын алған ке­ме елі­міздің Каспий те­ңі­­­зін­­­дегі шекара шебін қор­ғайды.

«Айбар» жобасына жататын шағын күзет кемесін оралдық­тар 16 мамыр күні Шаған өзені­нің Жайыққа құяр сағасын­дағы арнайы айлақта салтанатпен шы­ғарып салды. Жаңа кеме теңіз­де ел шекарасын күзетіп қана қой­май, контрабанданың жолын кеседі, заңсыз балық аулау­шы­лар­ды құрықтайды. Корабль­дің ұзын­дығы – 27,3 метр, ені – 6,62 метр. Заманауи байланыс және на­вигация қондырғы­лары­­мен жаб­дықталған кеменің жыл­дамдығы – сағатына 38–40 узел, бұл шамамен 70–75 км/сағат­қа тең. Бір сапарында 600 милге дейін, яғни 1 мың шақырымға дейін жүре алатын кеме 15 адамға арналған.

«Бұл іс-шараның мәні ерекше, себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны оның маңызын арттыра түседі. Жаңа кеменің іске қосылуы – білімі мен шеберлігі елдің қорғаныс әлеуе­тінің негізі саналатын инженерлердің, дизай­нерлердің, кеме жасаушылардың, жұмыс­шылардың жұмысының айқын нәтижесі. Бұл жоба қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлес қана емес, сонымен қатар мем­лекеттің дамуындағы жұмысшы маман­дық иеле­рінің рөлін мойындаудың айқын үлгісіне айналмақ. Бұл кеме мем­ле­кеттік шекара­мызды күзетуге және қор­ғау­ға ар­налған. Осының арқасында заң­сыз кеме қаты­насына, контрабандалық опера­ция­ларға, рұқсатсыз балық аулау, шека­раны заң­­сыз кесіп өту және басқа қауіп-қа­тер­­­г­е тос­­қауыл қойылады», деді Батыс Қазақ­­­стан облысының әкімі Нариман Төреғалиев. 

«Семей» кемесі – отандық мамандар­дың көпжылғы еңбегінің тағы бір жемісі дейді мамандар. 1941 жылы негізі қаланған Орал­дағы «Зенит» зауыты – еліміздің қор­ғаныс өнеркәсібі кешеніндегі негізгі кәсіпорынның бірі. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын тұрақты орындап, жоғары технологиялық қайықтар мен «Сұңқар», «Бүркіт», «Барыс», т.б арнайы мақсаттағы кемелерді шығарған зауыт ұжымы осы «Семей» кемесін 2 жылдан аса уақыт ішінде құрас­тырып шыққан.

Бүгінгі салтанатты сәтті пайдалана отырып, кемені жобалауға, құрастыруға және жабдықтауға атсалысқан барлық қызметкерге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің кәсіби шебер­лігіңіздің, адал еңбегіңіз бен жоғары жауап­кершілігіңіздің арқасында бүгін еліміздің игілігіне қызмет ететін тағы бір кемені суға жіберіп отырмыз», деді Н.Төреғалиұлы.

Суретті түсірген – Мәди Ғұбайдуллин

Жаңа кеменің капитаны аға лейтенант Жеткерген Айдаров 2022 жылы Ресейдің Балтық әскери-теңіз институтын бітіріп, Маңғыстауда шекара қызметінде шыңдалған сардар екен.

«Бұл – шапшаң қимылды, су жаңа техникалық құралдармен жабдықталған кеме. Мұнда «Адунок» деп аталатын қа­шық­тан басқарылатын автоматты зең­бі­рек орнатылған. Кеме бортында шағын ка­теріміз де бар, бұл теңіздің тайыз жерінде қолдануға керек», дейді капитан.

«Зенит» зауытының бас директоры Қыдыржан Мұқанов бұған дейін «Айбар» жобасына жататын екі кеме жасал­ғанын, олар теңіздегі қызметін абыроймен атқарып жүргенін айтады. «Семей» кемесінің ерекшелігі – кеме экипажы 10 күнге дейін еш жерге соқпай жүре алады. Алты балдық дауылға шыдас береді. Зауыт директоры қазіргі таңда судағы сыйымдылығы 750 тонналық көпбейінді кеме жасалып жатқанын хабарлады. Ол келесі жылы пайдалануға берілмек.

 

Батыс Қазақстан облысы