Олжас Бектенов PepsiCo компаниясының Ресей, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия өңірі бойынша президенті Давид Манзинимен Алматы облысында зауыт салу мәселесін талқылады, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа PepsiCo зауыты Орталық Азиядағы ең ірі зауыт болады. 2024 жылғы маусымда өткен келіссөздер қорытындысы бойынша инвестиция көлемі $160 млн болатыны жоспарланған. Картоп өңдеудің өндірістік қуаты мен көлемі үш есеге артып, 70 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін өседі. Бұл жылына шамамен 70 мың тонна дайын өнім шығарылады деген сөз. Кәсіпорында 900-ге жуық жұмыс орны ашылады.
«Біз жоғары өңделген дайын өнім шығаруға бағытталған осындай жобаларды толық қолдаймыз. Мемлекеттік органдар екі апта ішінде барлық қажетті шешімдерді қабылдайды», деді Олжас Бектенов.
Давид Манзини жобаның бірінші кезеңін іске қосу және қазақстандық өнімнің бірінші партиясын шығару 2026 жылдың наурыз айына жоспарланғанын, 2027 жылдың қыркүйегінде зауыттың толық қуатқа шығуы жоспарланып отырғанын айтты. Жоба аясында жергілікті шикізат пайдаланылып, картопты жеткізуге қазақстандық фермерлік шаруашылықтар тартылады.
«Біз Қазақстан билігі тарапынан көрсетілген қолдауды жоғары бағалаймыз. Шетелдік инвестор ретінде бізге қолайлы жағдайлар жасалған. Бүгінде жоғары әлеуетті көріп отырмыз, сондықтан Қазақстанға инвестиция көлемін екі есеге арттыру туралы шешім қабылдадық», деді Дэвид Манзини.
Кездесу нәтижесінде Сыртқы істер министрлігіне екі апта ішінде Қазақстан Үкіметі мен PepsiCo арасында Инвестициялар туралы келісім дайындау тапсырылды. Осы мерзімде Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестор үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіп кешені субъектісі шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына қажетті түзетулер енгізеді.