Қарыздан-қарызға батып, адымы ашылмай жүретін. Күндіз өз жұмысын атқарып, кешкісін салдырлаған ескі көлігімен таксилетіп кететін еді. Несібесі мен несиесін айырамын деп, таңнан кешке дейін тыным тапқан емес. Қызық. Қанша тарықса да көңілі бір түскенін көрмедік. Жымиып қана: «Бір жөні болар» дейтін.
Биыл көктем ерте шыққан. Қар кетіп, жер қарайған бетте Қанат қаңтарылып қалған құрылысына кірісті. Әйтпегенде, екі-үш жыл бұрын бастаған үйінің қабырғасын су кеміріп, тоза бастаған. Өзі бала-шағасымен қарсысындағы шағын тамда тұрады. Осыдан он шақты жыл бұрын ауылдан көшіп келе сала саяжайларды жағалап барып, осында тұрақтаған. Қала шеті, ауасы анағұрлым таза. Оның үстіне, қос бөлмелі бұл қоржын үй арзанға түскен. Ауласы да кең. Кең болған соң ғой, төр жағынан өзіне лайықтап үй тұрғызған. «Там салсаң тамтығың қалмайды» деуші ме еді, шатырын жабар-жаппастан қарызға батып, құрылысы тұралап қалған.
– Құрылысқа қарқынды кірістіңіз ғой, – дедім, бүкшеңдеп, сары топырақ езіп жүрген Қанатқа. Түнеугүні ауласына ерсілі-қарсылы техникалар кіріп шығып жатқанын да байқағам. Жұмысының жүргеніне іштей қуандым да.
– Ө-өй, қызық болды емес пе! – деді күрегін жерге қадай салып. – Әнеугүні таксилетіп, аздаған тиын тауып, үйге қарай зытып келе жатқанмын. Түн ортасы. Жаңбыр құйып тұр. Аялдама тұсынан біреу қол көтере қалды. Әншейінде мән бермеуші едім, өтіп барып жол жиегіне тоқтадым. Артқы орынға жайғасты. Жас шамасы елуге таяған ер кісі. Үсті-басы малмандай су. Ішімдік буынына түсті ме, мекенжайын айтты да, ұйықтап кетті. Ләм деген жоқ жеткенше. Зәулім сарайдың қақпасына тұмсығымды тіреп, «Келдік» дедім. Рахмет демеді. Түсіп қалды...
Ертеңінде таңертең машинаны жуып-шайып, жұмысқа қамдануға кірістім. Артқы орында былғары сөмке жатыр. Еппен ішін ашып едім, бума-бума ақша. Ондайды кім көрген! Ешкімге тіс жармадым. Үй-жайымды реттеп ала қояйын деген пендеуи ой да сақ еткен. Алып-ұшып әлгі үйге жеттім. Қақпа сыртындағы түймені басып, қоңыраулата бердім. Есігін ешкім ашпады. Дуалдан аула іші де көрінбейді. Кері қайтып кешкісін қайта барғам. Жоқ. Үшінші күні ме, қақпасының алдында күтіп отырсам, сүлік қара машина келіп тоқтады. Әлгі жігіт түсті. Қуанып кеттім. Жоқ жоғалтқан ол емес, мен секілдімін. Паңдау амандасты. Мән-жайды айтып, көліктен сөмкесін алып ұстата қойып едім, көзі күлімдеп, жайнап сала берді. Қолымды қысып, қайта-қайта алғысын жаудырды. Табылмайды деп ойлапты. Сол ғой, рахметім деп құрылыс материалдарын жеткізіп беріп, қол ұшын созып жатқан. Сөйтсем, ірі құрылыс компаниясының басшысы. Көмектесіп жатқаны былай тұрсын, өзіне жүргізуші етіп жұмысқа аламын деп жүр. Жалақысы да тәуір. Көреміз енді. Үйімді бітірсем, бәрінен бұрын балаларым қуанады, – деп ағынан жарылды.
Кинодағыдай екен деп, мен де бас шайқадым...