Президент биыл сәуір айында қол қойған жаңа Су кодексінде көзделген талап бойынша сала министрлігінің ресми сайтында Ұлттық ақпараттық есеп жыл сайын жарияланып отырады. Бұл су қорының жай-күйі, оны қорғау-пайдалану бойынша өткен күнтізбелік жылға арналған талдау есебі, деп жазады Egemen.kz.
Аталған құжатта негізгі өзендердің су мөлшері, су шаруашылығы мен гидротехникалық құрылыстардың, оның ішінде мемлекетаралық құрылыстардың жағдайы, т.б. туралы мағлұматтар көрсетіледі.
Сала министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сондай-ақ құжатта су қорын қорғау бойынша атқарылып жатқан шаралар, инвестициялық жобаларды іске асыру және заманауи технологияларды енгізу туралы ақпараттар баяндалған.
«Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар есеп беру үшін ақпаратты есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмей ұсынуға міндетті. Ұлттық есептің өзі 1 мамырдан кешіктірілмей жарияланады. Бұл Қазақстандағы су ресурстарын басқару мен пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. Су кодексінің өзі биыл 10 маусымда күшіне енеді. Сондықтан біз бұл есепті 2026 жылдан бастап жариялай бастаймыз», деді Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.