Жетісу облысының тұрғындары Талдықорған мен Текелі қалалары арасындағы теміржол желісін жолаушылар тасымалы үшін пайдалануды сұрап, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына жүгінген. Осыған байланысты партия депутаттары Көлік министріне сауал жолдап, Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселені көтерді, деп жазады Egemen.kz.
ЖСДП депутаттары Сайлаубай Нұржан, Рахымжанов Аманжол, Әуесбаев Нұржан және Сағандықова Айгүл Көлік министрі Марат Қарабаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында Талдықорған мен Текелі қалаларын байланыстыратын теміржол желісін жолаушыларға да қолжетімді ету қажеттігін айтты. Екі қала арасы небәрі 50 шақырым болғанымен, қазіргі уақытта бұл бағытта тек жүк пойыздары ғана қатынайды. Тұрғындар қолайсыз әрі қауіпті жолмен жүруге мәжбүр. Себебі өңірдің таулы географиялық ерекшелігіне байланысты автокөлік қатынасы жиі апатты жағдайларға ұшырайды. Көлік апаттарынан адам шығыны да аз емес, әсіресе бұл жағдай көктем, күз және қыс айларында жиі кездеседі.
Партияның Жетісу облыстық филиалы бұл мәселені қоғамда бірнеше мәрте талқылап, 2023–2024 жылдары аралығында қоғамдық тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер өткізген. Қатысушылардың ортақ пікірі – Текелі мен Талдықорған арасында жолаушылар пойызын жүргізу қажеттілігі. Сонымен қатар, тұрғындар «Сарыарқа – Жетісу» бағыты бойынша жаңа маршрут ашуды сұрап отыр. Егер мұндай бағыт іске қосылса, өңірдің көлік қолжетімділігі артып, туристік және экономикалық әлеуеті жандана түсер еді.
Сауалда теміржол бағыты Текелі – Қарабұлақ – Көксу – Үштөбе – Матай – Лепсі – Ақтоғай – Саяқ – Балқаш – Мойынты – Ақадыр – Қарағанды – Астана – Бурабай желісімен жүретін ірі маршрут ретінде ұсынылған. Бұл елдің екі ірі туристік аймағын байланыстыратын маңызды көлік торабына айналар еді. Депутаттардың айтуынша, бұл бастама кем дегенде 500 мың тұрғынға тиімді болады. Сонымен қатар, елдегі ішкі туризмнің дамуына жол ашады.
Депутаттық сауалда Көлік министріне мынадай екі сұрақ қойылған: Текелі мен Талдықорған арасындағы теміржол желісін жолаушылар үшін пайдалануға қандай кедергілер бар? Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы пойызды іске қосуға мүмкіндік бар ма?
Депутаттар бұл ұсыныстың орындалуы тұрғындар үшін қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, мемлекеттік деңгейдегі көлік және туризм саясатына да серпін беретініне сенімді.
Дамира Төлеген,
ЕҰУ студенті