31 мамырдан бастап LOT Polish Airlines Польша ұлттық әуе тасымалдаушысы Алматы – Варшава бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Рейстер заманауи Boeing 737 MAX әуе кемелерімен аптасына төрт рет орындалады. Бұл Қазақстан мен Еуропа арасындағы қатынасты одан әрі қолайлы әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
«Алматы халықаралық туристік және іскерлік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастырып келеді. Енді мегаполис тұрғындары мен қонақтары Польша астанасы Варшаваға тікелей ұша алады», делінген хабарламада.
Сондай-ақ 1 маусым күні Алматыға польшалық туроператорлар мен тревел-блогерлерден құралған делегация келеді. Қонақтар үшін қаланың басты көрікті жерлері, заманауи туристік инфрақұрылымы, гастрономиялық орындары және Іле Алатауындағы демалыс аймақтарын қамтитын арнайы бағдарлама әзірленген.
Бұдан бөлек, Польша туристік индустриясының өкілдері алматылық туроператорлармен және бизнес қауымдастық мүшелерімен кездесіп, бірлескен жобалар мен болашақ ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.