2024 жылы Қазақстанда шағын және орта бизнес (ШОБ) секторының негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Бұл сектордың жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі артты, өнім көлемі ұлғайды, ал жұмыспен қамтылғандар саны 2,2%-ға көбейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Соңғы бір жылда Қазақстанда шағын және орта бизнестің негізгі көрсеткіштері өсім көрсетті. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Абдуәли ресми статистикаға сүйене отырып мәлімдеді.
«2024 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 39,7%-ға жетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға жоғары (сол кезде 36,5% болған)», деді ол.
Сондай-ақ, жұмыспен қамтылғандар саны 2,2%-ға өсіп, 4,4 миллион адамға жеткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 4 322 093 адамды құраған болатын.
«Шағын және орта бизнес өнімдерінің өндірісі де айтарлықтай артты. 2024 жылдың төртінші тоқсанында бұл көрсеткіш 81 триллион теңгені құрады, бұл 2023 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға көп (былтыр – 68,7 трлн теңге)», деп толықтырды Дарын Абдуәли.