Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру маңызды. Сол үшін өңірде егістік көлемі 510,7 мың гектарға азайды. Оның 373,8 мың гектарына дақыл көктемде себіледі. Мәселен, 295,3 мың гектар жерге дәнді, 89,7 мың гектар жерге майлы дақылдар егіледі деп жоспарланған. Сарқандық шаруалар биыл алғаш рет 100 гектар жерге майлы зығыр өсіре бастады. Оны облыстағы бірнеше кәсіпорын қабылдайды.
«Ғалым» шаруа қожалығында өз тәжірибесінде бірінші рет майлы зығыр дақылын өсіріп отыр. Бұған дейін жүгері, соя, арпа, бидай өсіруге бейімделген шаруашылық ауыспалы егіс алқабын дамытуды қолға алды.
«Зығырдың агротехникасын, тұқым нарығын зерттей отырып, біз «орташа Лирина» сортын отырғыздық. Бұл өте өнімді, құрамында майы көп сорт. Әр гектарынан 20-25 центнер аламыз, ал майдың мөлшері кемінде 50% болады деп күтіп отырмыз. Аймақ аумағында майлы дақылдарды қайта өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар екенін ескерсек, шикізатты өткізуде қиындық туындамайды. Алдын ала келісімдер жасасып та қойдық. Сонымен қатар зығыр дәнді дақылдардың ауыспалы егісіне де пайдалы», дейді қожалық басшысы Ғалым Рахметқалиев.
Ауданның Алмалы ауылындағы «Жұмағали» шаруа қожалығының егістіктерінде де көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шаруашылықта егістік те, мал өсіру де қолға алынған. Мұнда 537 бас ірі қара, 600 бас ұсақ мал және 630 жылқы өсіріліп отыр.
«Биыл жаздық арпа, күнбағыс, бірінші рет қант қызылшасын септік. Әзірге қызылшаны 38 гектардан бастап отырмыз. Келесі жылы ұлғайту жоспарымызда бар, өйткені бұл табысты дақыл, әрі осы дақылды өсірушілерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Конвиза Смарт» жоғары өнімді тұқымын сеуіп жатырмыз. Шаруашылығымызда қажетті ауыл шаруашылығы техникасы бар. Дегенмен өткен жылы ауданда сервистік-дайындау орталығына арнап сатып алынған заманауи техника үлкен көмек болды, осы техникалардың қызметтерін пайдаланып отырмыз. Мысалы, пневматикалық сепкіштің артықшылығы сол, автопилоты болғандықтан оның жылдамдығы жақсы, онымен күндіз де, түнде де жұмыс істей аласыз. Осы техниканың көмегімен бір күнде 30 га жер егуге болады», дейді шаруашылық басшысы Егемен Жұмағали.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиковтің айтуынша, егіс алқаптарын әртараптандыру аясында бидай 2,9 мың гектарға, қант қызылшасы 1,5 мың гектарға, дәндік жүгері 1,1 мың гектарға қысқарады. Ал арпа, майлы дақылдары, картоп, көкөніс-бақша дақылдар ұлғаяды. Көктемгі дала жұмыстарының жоспары бойынша 127 мың гектарда ылғал жабу жұмысы жүзеге асты. 136,9 мың гектарды тырмалау, 246,8 мың гектар жер жырту, 373,8 мың гектарға жаздық дақылдар себу жұмыстары қолға алынған.
Биыл минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 58,8 мың тоннаға дейін ұлғайтылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 49 мың тонна болған. Шаруалар 29,6 мың тонна тыңайтқыш сатып алды. Ал қоймадағы қорда 5,3 мың тонна минералды тыңайтқыш бар. Көктемгі дала жұмыстарына 5,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Наурыз айына қарастырылған 960 тонна дизель отынының 660 тоннасы шаруаларға жеткізілген. Мамандар алдағы уақытта дизель отынынан қиындық туындамайды деп отыр.
«Көктемгі дала және егінді жинау жұмыстарына Аграрлық несие корпорациясы арқылы 14,3 млрд теңге несие қарастырылған. «Кең дала-1» және «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Шаруалар несиеге бөлінген қаржының 3,7 млрд теңгесін алып, игеруде. Бүгінгі күнге дейін 195 шаруашылықтан 4,8 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 106 шаруашылыққа 3,0 млрд теңге несие берілді. Қысқасы, шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан қолдау жан-жақты көрсетіледі. Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіледі. Білікті мамандар жұмыстың оңтайлы жүргізілуін тікелей қадағалауға алады», дейді Б.Шампиков.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 45 млрд теңге бөлінген. Оның 27 млрд теңгесі немесе 59%-ы субсидияға беріледі.
Жетісу облысы