• RUB:
    6.45
  • USD:
    512.66
  • EUR:
    580.59
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Мамыр, 2025

Торғайды түлететін тың жоба

280 рет
көрсетілді

Биыл Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы аса маңызды жобаның қолға алынатынына тоқталды. «Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына кел­тіріп, жаңа аэровокзал салған жөн екенін атап өтті. «Бұл жоба ішкі көлік қа­тынастарын едәуір жақсартады. Сон­дай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін игеруге, мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді», деді Мемлекет басшысы.

Бұл жаңалық шалғайда жатқан ауыл тұрғындарын ерекше қуанышқа бөледі. Мәселе жол бағытына ауысқандықтан, жол азабы туралы бастан өткен бір оқиғаны айта кетейін. Шамамен 1976–1977 жылдардағы мал қыстату кезі. Наурыз айының аяғына таман біздің Жангел­дин ауданы өңірінде қыс созылып, қоғамдық мал жайылымға шыға алмай қалды. Барлық шаруашылықта қысқа дайындаған шөп таусылған. Торғай облысының басшылары солтүстік ауданның бірінші жетекшілерімен ауданды аралап, солтүстіктен өз техникаларымен шөп тасуға келісім жасады. Сол солтүстік ауданның бірінде шаруашылық басшысы болып істейтін сыйлас досым кешкілік үйге келе қалды. Ол аудан орталығынан 100 шақырымнан астам қашықтықтағы «Юж­ный» кеңшарына шөп тиеп жіберген техни­каларының соңынан келе жатыр екен.

Ауқаттанып алғаннан кейін кең­шар­дың алыстығын және күн кешкіріп кет­кенін тілге тиек етіп, оған қонып, таңертең ерте кеткендерің дұрыс дедім. Бұл ұсынысыма келісті. Ол жылдары Ақкөл, Южный кеңшарларына жол Бесқопа қонысын жанай тура шығатын. Сол жолды көргенде досым таңғалып: «Қойшы бұл жол емес, із, адасып кетеміз ғой» десін. Мен, біздің ауданның 15 кеңшарындағы жолдардың қысы-жазы осы екенін айтқанымда, досымның тілі күрмеліп, айтарға сөзі болмай қалды. Несін жасы­райын, ол кезеңде жалғыз біздің аудан ғана емес шалғайда орналасқан ша­руа­шылықтардағы жолдың жайы осы күйде болатын. Тақтайдай жолмен барар жеріне кедергісіз жетіп, жайлы жол жүруді кім қаламайды дейсіз.

Сондықтан Астана, Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халық­аралық автокөлік жолының құры­лысын бастауға шешім шығарған республика басшылығына елдің ризашылығы шексіз.

Көлік министрі Марат Қарабаев Жангелдин ауданына арнайы барған сапарында: «Ұсынып отырған жобамыз бойынша жол Астанадан Жантекеге, одан Егіндікөлге барады. Әрі қарай Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудан­дары арқылы Ырғызға барады. Екінші санатты, ені 9 метр болатын, екі жолақты жол саламыз», деген еді. Алла сәтін салып, басталатын жол жобасы толық іске асса, ауыл халқы үшін үлкен қуаныш болмақ.

Торғай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Тойғанбол Нұрханов осы іргелі жоба халықтың көптен бергі арманы екенін айтады. «Торғай өңірінің халқы өте қуанышты. Бұл – бірнеше жылдан бері ойлаған біздің арманымыз. Оның сыртында Арқалықтағы әуежай қайтадан қалпына келтірілмек. Бұған да қуанып отырмыз. Осы жол салынса Торғайдың тыныс-тіршілігі кеңейіп, жақсара түседі. Көші-қон тоқтайды. Халқымыз тұрақтанады. Еліміз көркейеді деп сенеміз», деді ол. Сондай-ақ Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин де бұл – тек жол құрылысы ғана емес, Торғай елі дамуының жаңа кезеңі екенін жеткізді.

Не жасыратыны бар, жас біразға келсе де, қазағымның қара қазанында қайнап өскен біз – ардагерлер әлі де болса бірлігіміздің, татулығымыздың негізі ауылды өркендету мәселесіне баса мән беріп, осы бағытта тиісті органдарға нақты ұсыныстар жасап жүрген тұлғаларға көңіл аударып отырамыз. Сондай тұлғаның бірі – Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев.

Берік Тұрсынбекұлы – елімізге танымал экономист-ғалым. Ол Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғаннан кейін Торғай жұртының мұң-мұқтажын жеріне жеткізе айтып жүр.

Соңғы екі-үш жылда, Берік Тұр­сын­бек­ұлының: «...Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз арқылы Қандыағашқа дейін Орта­лық-Батыс көлік дәлізін құру жобасы бойынша автожол салу және реконструкциялау мәселесі өзекті. Жаңа көлік дәлізі келешекте Қазақстанның орталық және батыс өңірлерінің теңгерімді дамуына ықпал етуге тиіс...»; «...Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық логистиканы күшейту, туризм саласы мен шағын және орта бизнес жұмысын жандандыру үшін Арқалық қаласының бұзылып, жекенің қолына сатылып кеткен әуежайын қайта қалпына келтіру қажет...» деп Үкімет басшысына жолдаған бірнеше дүркін депутаттық сауалдарын да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсы білеміз.

«Аудан орталығындағы «Балдырған» балабақшасының жөндеу жұмыстарын бақыладым. Одан бөлек, Қ.Қайдосов орта мектебінде асхана мен спорт залы жөнделмек. Сужарған, Шеген, Шилі ауылдарында ауызсу қондырғысының құрылысы, Тәуіш және Ақшығанақ ауылдарында ФОК құрылысы жүргізілмек. Бұл жұмыс партиямыздың «Жол картасына» енгізілген. Ел игілігіне тұтынатын нысандар жаңарып жатыр. Бұл өте қуанышты жаңалық. Елдің еңсесі көтеріліп, көші -қон мәселесі тоқтайды деген үміттемін. Алдағы 2025 жылы жерлес, алаш арысы М. Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы. Арнайы Бидайық ауылына барып, алаш қайраткерінің рухына дұға бағыштап, тарихи мұражайымен таныстым. Кешенді жоспар әзірленуі керек деп санаймын». Осындай мәтінде жазылған Мәжіліс депутатының қолыма түскен күнделігінен біраз сыр ақтаруға болады.

Мерзімді баспасөз беттерінде жария­лан­ған Беріктің өзі жазған «Торғай өңірі­нің дамуына тың серпін береді» және т.б. кө­лемді мақалаларында қоғамды толған­дыратын өзекті мәселелерді көтеріп, экономика, әлеуметтік саясат, заң және тәртіп, идеологиялық жұмыстар бо­йынша жүйелі шешімдерді шешуге және Президент қозғаған инфрақұрылымдық жобалар, цифрлан­дыру, білім, экология бастамаларына ерекше назар аударған. Бұл бастамалар өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізі деп түйіндейді.

 

Қойшы СӘРСЕНКЕЛДИН,

Жангелдин ауданының құрметті азаматы

 

Қостанай облысы