«Сен бұған сенбейсің!», «Бұл қарапайым әдіс өміріңді өзгертеді!». Осындай жазбалар интернетте жиі кездеседі. Керемет жаңалық айтамыз деп, адамды сол сілтемеге кіруге итермелейді. Бірақ кликбейттің қауіпті тұсы бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселені былай түсіндіреді.
Мақсаты қандай?
Кликбейт (clickbait – «кликтерге арналған қармақ») – назар аударту үшін електіруші тақырып пен суреттерді қолданатын әдіс. Көбінесе ол ақпарат мазмұнына сәйкес келмейді. Басты мақсат – адамды сілтемеге өтуге көндіріп, сайттың қаралым санын арттыру арқылы жарнамадан пайда табу.
Неге танымал?
Халық назары үшін күрес. Ақпарат көп болған сайын, әрбір оқырман үшін талас күшейеді. Вирус эффектісі. Адамдар эмоцияға толы немесе даулы тақырыптарды жиі бөліседі. Қаржылық пайда. Қаралым неғұрлым көп болса, жарнамадан түсетін табыс та соғұрлым жоғары.
Несімен қауіпті?
Манипуляция және алдау. Кликбейт көбіне жалған ақпаратпен алдайды. Мысалы, «Әлемде бұл өнімге тыйым салынды!» деген тақырып жай ғана диеталық тоқаштың жарнамасы болуы мүмкін. Ақпарат құралдарына сенімнің төмендеуі. Егер оқырман үнемі асыра сілтеген немесе жалған тақырыптарға тап болса, жаңалықтар көзіне сенуден қалады. Бұл болашақта журналистика мен блогерлердің беделіне нұқсан келтіреді. Жалған ақпараттың таралуы. Кликбейт адам эмоциясына әсер етіп, дүрбелең тудыруы мүмкін. Әсіресе, саясат пен медицина тақырыптарында бұл өте қауіпті. Мысалы, «ғажайып ем» туралы жалған жаңалықтар адамдардың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Ақпараттық шаршау. Шулы тақырыптардың үздіксіз ағыны адамның миына шамадан тыс салмақ түсіріп, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілетін төмендетеді. Соның салдарынан жұрт жаңалықтарды мүлде оқымайды немесе үстірт қабылдайды. Қаржылық қатер және киберқауіп. Кейбір кликбейт сілтемелер күмәнді сайттарға алып барып, жеке мәліметтерді енгізуге немесе зиянды бағдарламаларды жүктеуге мәжбүрлеуі мүмкін.Кликбейт – назар аудартудың тиімді құралы. Бірақ оны шамадан тыс пайдалану оқырманға да, БАҚ-қа да зиянын тигізеді. Ақпаратты ақылмен тұтыну, сыни ойлау – манипуляцияларға алданбаудың, ақпараттық гигиенаның басты жолы.