Экспозицияға суретшінің дәстүрлі киіз элементтерінен бастап, көне көшпелі өркениеттің бейнелерін заманауи өнер тәсілдерімен үйлестірген 50-ге жуық туындысы қойылған. Көрмеде дала кеңістігі, көшпелі өмірдің тынысы, еркіндік пен табиғат үндестігі көрініс тапқан.
– Юлияның шығармалары – өткен мен бүгіннің, дәстүр мен заманауилықтың тоғысы. Ол көрерменге тек сурет емес, сезім мен ой салады. Оның қолтаңбасы арқылы көрермен тарихпен тілдесіп, көшпелілер рухымен қауышады. Бейнелеу өнері – тарих пен рухтың үнсіз тілі десек, суретші осы үнсіздікті сөйлетіп, тарихқа терең зердемен қарауға шақырады,– дейді Мемлекеттік орталық музейдің сыртқы байланыстар бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко.
Ерекше көрмені өнертанушылар, ұрпақтар арасындағы көпірді нығайтуға және мәдениетіміздің байлығын әлемге танытуға жасалған қадам деп бағалады. Көшпелілер әлемінің көркем мәдениетін, дәстүрлері мен эстетикасын паш ететін көрме ай соңына дейін жалғаспақ.