• RUB:
    6.45
  • USD:
    512.66
  • EUR:
    580.59
Басты сайтқа өту
Қаржы 26 Мамыр, 2025

Банктер арасындағы сауалнама: несиеге сұраныс өзгерген жоқ

60 рет
көрсетілді

2025 жылғы I тоқсанда бизнестің несиеге сұранысы алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды, деп жазады Egemen.kz 

Ұлттық банк Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаевтың  айтуынша, ірі  және орта бизнестің сұранысы оң динамиканы көрсетті. Банктердің пікірінше, бұл негізінен айналым қаражатын қаржыландыру қажеттілігімен байланысты. Есепті тоқсанның екінші жартысында мөлшерлемелердің өсуі мен мемлекеттік бағдарламалардың қысқаруы кәсіпорындардың инвестициялық жобалар бойынша жоспарын қайта қарауға ықпал етті.

«Бұл ретте жекелеген орта банктер орта бизнес сегменті үшін жағдайдың біршама жеңілдетілгенін және осы бағыттағы портфельді ұлғайту жұмыстары жандана түскенін атап өтті. Өткен тоқсанмен салыстырғанда (т/т) ірі бизнес 235 өтінім берді, бұл – 10%-ға артық көрсеткіш. Ал өтінімдердің орташа мөлшері 11,5 млрд теңгеге дейін – 30%-ға (т/т) ұлғайды. Орта бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 4,6 мыңға дейін – 1%-ға (т/т), ал өтінімдердің орташа мөлшері 768 млн теңгеге дейін – 8%-ға (т/т) төмендеді» дейді О. Күбенбаев.

Шағын бизнеске келсек, мұнда субсидиялау мен кепілдік беру тетіктеріндегі өзгерістерге байланысты мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында қаржыландыру уақытша тоқтатылғандықтан, өтінімдер саны азайғаны байқалады. Кейбір банктер жаңа өнімдер мен белсенді маркетингтік қадамдар арқылы сұранысты қолдады. Шағын бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 5%-ға (т/т) азайып, 884 мыңды құрады. Ал өтінімдердің орташа мөлшері 35,4 млн теңгеге дейін – 26%-ға (т/т) төмендеді.

«Шағын бизнес субъектілері үшін кредиттік өтінімдерді мақұлдау коэффициенті 33% деңгейінде сақталды. Ірі бизнес үшін I тоқсан соңында келіп түскен өтінімдер санының өсуіне және олардың қарау сатысында болуына байланысты 57%-ға дейін 3 п.т. төмендеді. Ал орта бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларының қысқаруы аясында тәуекелдерді бағалауға келгенде банктердің біршама сақтықпен қарауына байланысты 36%-ға дейін 5 п.т. төмендеді» дейді сарапшы.

I тоқсанның қорытындысы бойынша автокредит пен тұтынушылық қарыздарға сұраныс өсті. Керісінше, ипотекалық және тұтынушылық кепілсіз несиелерге сұраныс төмендеді.

Ипотекаға сұраныстың төмендеуі көбіне тұрғын үй-жинақ салымдары бойынша мемлекеттік сыйлықақының салыстырмалы түрде кеш төленуіне байланысты болды. Осыған орай қарыз алушылар өтініштерін тоқсан соңына қарай бере бастады. Кредиттік өтінімдердің жалпы саны 241 мыңға дейін – 6%-ға (т/т) өсті, ал олардың орташа мөлшері 16,6 млн теңгеге дейін – 7%-ға төмендеді.

Қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиеге сұраныс аздап өсті. Мұндай өсім негізінен жеке банктің сыйақы мөлшерлемесін төмендетуіне және комиссияларды алып тастауына, сондай-ақ бір ірі банктің осы өнімді белсенді жылжытуына байланысты болды. Түскен өтінімдер саны 50,9 мыңға дейін – 25%-ға (т/т) өсті. Өтінімдердің орташа мөлшері 12,8 млн теңгеге дейін – 9%-ға (т/т) ұлғайды.

2025 жылдың I тоқсанында кейбір банктердің маркетингтік акцияларды және тауарлық несие беруді тоқтатуына байланысты кепілсіз тұтынушылық кредиттерге сұраныс тұрақты түрде төмендеді. Бұл ретте, ірі банктер бұл сегменттегі сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталғанын атап өтті. Түскен өтінімдер саны 18,1 млн болды. Бұл өткен тоқсаннан 10%-ға аз, ал өтінімдердің орташа мөлшері 13%-ға (т/т) ұлғайып, 1 025 мың теңгені құрады.

«Автокредитті ішінара субсидиялайтын автосалондармен арадағы серіктестік негіздегі бағдарламалардың арқасында автонесиеге сұраныс артып келеді. Осылайша, кредиттік өтінімдер саны 1,4 млн-ға дейін – 13%-ға (т/т) өсті, ал өтінімдердің орташа мөлшері 7,9 млн теңгеге дейін – 11%-ға (т/т) ұлғайды.

Ипотекалық өнімдер мен автокредит бойынша мақұлдау коэффициенттері тиісінше 24% және 16%-ды құрай отырып, 7 п.т. (т/т) және 2 п.т. (т/т) төмендеді. Мақұлданған кепілсіз қарыздардың үлесі де өсіп, 31%-ды құрады. Ал кепілмен қамтамасыз етілген қарыздар бойынша мақұлдау көрсеткіші 2024 жылғы IV тоқсан деңгейінде сақталып, 36%-ды құрады» дейді сарапшы.

2025 жылдың II тоқсанында банктер ипотекалық қарыздарға сұраныс біршама артып, автокредитке сұраныс едәуір өседі деп күтеді. Бұл ретте, банктердің пікірінше, тұтынушылық қарыздар бойынша (қамтамасыз етілген де, кепілсіз де) сұраныс біршама төмендеуі мүмкін.

2025 жылдың I тоқсанында кредиттеу бойынша банктер арасындағы сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Сауалнаманы Ұлттық Банк тоқсан сайын несиелік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалау мақсатында жүргізеді.