• RUB:
    6.39
  • USD:
    512.16
  • EUR:
    580.94
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Кеше

Алқаптар тегістеліп, арналар жаңартылды

40 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдардағы су тапшылығы Сыр диқандарын тығырыққа тіреп отыр. Бастапқыда дария арнасына қарайлап, әр егіс маусымын алаңмен өткізетін шаруалар кейіннен күріш көлемін азайтып, егісті әртараптандыруға ден қоя бастады. Осы күні диқандар алқапты тегістеу арқылы су үнемдеуге көшті.

Жуырда ғана жергілікті шаруалармен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл өңірде 60 мың гектарға жуық егіс алқабы лазермен тегістелгенін айтып өтті.

Өткен жылы 55 мың гектарды лазермен тегістеу нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделіп, осыған дейін гектарына 40-55 центнерден айналып келген орташа өнім көлемі 70-80 центнерге дейін ұлғайған. Дегенмен қымбат техникаға әркімнің қолы жете бермейтіні тағы бар. Осы күні облыста 100 мың гектарға дейін егістік алқапты қамтуға мүмкіндік беретін осындай 123 техника бар. 

Осыдан да Үкімет ауыл шаруа­шы­­лығы кооперативтерінің лазермен тегістегіштерді сатып алу шы­ғындарын 50%-ға дейін субси­диялауға көшті.

«Сіздермен ең алғаш кездесуде айтқан ұсыныстарыңыз бойынша бойынша біз кооперативтерге арналған субсидия мөлшерін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайттық. Осыған дейін субсидия егістік алқабы 200 гектардан асатын шаруа­шылықтарға ғана төленеді деген талап бар еді. Біз Ауыл ша­руа­шылығы министрлігімен бірле­се отырып, бұл шектеуді де алып тастадық», деді Су ресурстары және ирригация министрі. 

Облыстың солтүстігінде дән себу кешегі аптап ыстықтармен тұспа-тұс келіп, суару маусымы жыл­дағыдан ертерек басталды. Көк­тем басталғалы көктен тамшы да тамбаған өңірде биыл суға сұраныс еселеп артатыны анық. Бүгінде облысқа Шардара су қоймасынан секундына 600 текше метр су жіберіліп жатыр.

«Президенттің осы бағыттағы «көлеңкелі нарықты» жою жө­нін­де нақты тапсырма берге­нін білесіздер. Осыған байланыс­ты министрлік бірнеше маңыз­ды шешім қабылдады. Енді «Қаз­­сушар» филиалдары келісім­шарт­қа отырған шаруа қожалықтарына ғана су береді. Заңсыз су алуға рұқсат жоқ. Жаңа Су кодексінде де осы мәселеге баса назар аударылып, жауапкершілік күшейтіл­ді. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді», деді министр.

Жалағаш ауданында иррига­циялық және дренаждық жүйе­лерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып отыр. Барлығы 1 362,2 ша­қырым канал қайта жаңартылып, 14  617 шағын гидротехникалық нысан ауыстырылып, жаңадан салыныпты. Сондай-ақ 327,86 шақырым коллектор мен 151 бақылау ұңғы­масы қалпына келтірілген.

Осы жұмыстар нәтижесінде жалпы көлемі 15,1 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен жабдықтау жағдайы жақсарып, суармалы жерлер толық игерілді. Су шығынын 30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беретін осы жоба арқылы жылына шамамен 95 млн текше метр су үнемделеді.

Жергілікті шаруа қожалықтары да көп жылдан бері аяқсумен қамту бағытындағы бұл жұмысқа оң баға беріп отыр. Олардың айтуынша каналдарды тазартып, шлюздер орнату арқасында су жеткізу жағдайы 35-40%-ға жақсарған. 

Министрліктің мәліметінше, Дүниежүзілік банкпен бірлескен ирри­гациялық және дренаждық жүйе­лерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында осындай жұмыстар Алматы, Жамбыл және Түр­кістан облыстарында да жүр­гізіліп жатыр. Осының арқасында 105 мың гектардан астам жердің суармалы жағдайы жақсарады. Жоба шамамен 86%-ға аяқталып тұр. Қазірдің өзінде 79,15 мың гектар егістікке су жеткізу жақсарып, жылына 201,8 млн текше метр су үнемдеуге жағдай жасалыпты. 

Сырда биыл 80,9 мың гектарға егу жоспарланған. Қазір осы көлемнің 51,9 мың гектары егіліп, 41,8 мың гектары суға бастырылыпты.

 

ҚЫЗЫЛОРДА