• RUB:
    6.39
  • USD:
    512.16
  • EUR:
    580.94
Басты сайтқа өту
Қаржы Кеше

Секвойя стратегиясы

30 рет
көрсетілді

Жақында серуендеп жүргенімде, досым таңғажайып табиғат құпиясын айтты. Бұрын естімеппін. Ол – секвойя ағаштарының ерекше өсу стратегиясы. Мұны ішімнен қаржылық стратегияға айналдырып алдым, өзімше…

Секвойялар әлемдегі ең алып ағаштар. Олардың биіктігі 95 метрге жетіп, діңінің қалыңдығы 12 метрді құрайды. Бұл ағаштар мыңдаған жылдар бойы тіршілігін сақтап, желге, дауылға қарсы тұра алады. Бірақ ең қызығы – олардың тамыр жүйесі. Ойлаңызшы, осындай алып ағаштардың тамырлары жерге тек 2-3 метр тереңдікке ғана кетеді. Яғни, олар алып биіктігіне қарамастан, жер астына тереңдемейді.

Сонда олар қалай құламайды? Жауабы – бірлік пен қолдауда. Секвойялар тамырларын көлденең бағытта таратып, көршілес ағаштардың тамырларымен тығыз байланысады. Олар бір-біріне сүйеніп, ортақ жүйе құрып, бір-бірін қолдайды. Бұл стратегияны қаржы әлеміне де қолдануға болады. Көптеген адамдар бай-қуатты болуды, инвестицияны жеке іс деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, байлық пен тұрақтылыққа жету үшін сенімді қаржылық желі, қолдау көрсететін қауымдастық қажет.

Мысалы, диверсификация тамырларды кеңге жаю. Секвойялар тамырларын жан-жаққа таратады. Сол сияқты, сіз де инвестицияларыңызды әртараптандыруыңыз керек. Жылжымайтын мүлік, акциялар, облигациялар, алтын бәрін бір жерге салмаңыз. Байланысқа мән беру. Желі құру сенімді байланыс. Секвойялар көршілес ағаштармен тамырларын айқастырады. Қаржы әлемінде бұл сенімді адамдармен, мықты командалармен және тәжірибелі кеңесшілермен байланыс орнату деген сөз. Білікті сарапшылардан кеңес алып, олармен тұрақты байланыста болыңыз. Алысқа көз тастау. Ұзақ мерзімді жоспар – ғасырлар бойы сақталу. Секвойялар мыңдаған жылдар бойы өмір сүреді. Инвестиция да бір күндік емес, ұзақ мерзімді стратегия болуы керек. Уақыт – сіздің ең жақсы досыңыз. Табысыңыздың бір бөлігін тұрақты түрде инвестициялаңыз.

Айтпақшы, досым әңгімесінің соңында «Егер жалғыз жүрсең, жел құлатады. Бірге жүрсек тау да құлатпайды» дейді. Сол дұрыс айтады-ау осы…