Қазақ даласы - жылы жаққа ұшатын құстардың Еуразиядағы маңызды маршруты. Отандық ғалымдардың кейінгі зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанда 526 құстың түрі кездеседі екен, деп жазады Egemen.kz.
Біздің елімізден табылатын құстардың 405 түрі – Қазақстанда ұя салып, балапан басса, 28 түрі – қыстап шығады. Жыл құстарының 43 түрі – миграция кезінде ғана аялдап, қоректенеді. Ал кездейсоқ 45 түрін – миграция кезіндегі қолайсыз ауа райы салдарынан, яки бағыттарынан жаңылғанда көріп қалуға болады. Қалған 5 түрі – жазда Қазақстанды мекендегенімен, балапан шығармайды. Дегенмен, соңғы жылдары мамандар жабайы құстардың саны күрт азайып бара жатқанын алға тартып, алаңдаушылық танытып жүргені аян.
Орнитологтар мен экологиялық ұйымдар бірінші кезекте құстардың азаюына браконьерлер емес, ауыл шаруашылығын дамыту, жер жырту, құрылыс пен өнеркәсіпті өркендеуі себеп болып отырғанын айтады. Сол сияқты климаттық өзгерістер де – құстардың миграциялық жолдары мен ұя салуына кері әсерін етіп отыр. Оған қоса құстардың қалыпты тіршілігіне су қоймалары мен топырақтың ластануы – пестицидтер мен басқа химикаттарды қолдану кесірін тигізіп келеді. Ал браконьерлік пен құстардың сирек кездесетін түрлерін аулау, атудан келетін мәселесі соңғы кезекте тұр.
Сонымен елімізде құстарды қорғау мен көбейтуде қандай тірліктер атқарылып жатыр деген сауал туындағандықтан, бір топ БАҚ өкілі еліміздегі жыртқыш құстарды өсіріп, қайта табиғатқа жіберумен айналысатын жалғыз «Сұңқар» орталығына сапарлаған едік. Алдымен Құстарды қорғау одағы мен Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) көп жылдан бері «Жыл құсы» акциясын өткізіп келе жатқанын айта кету керек. Мысалы, 2025 жылы бұл мәртебеге жыртқыш құстардың бірі – жұртшы ие.
«Құстар – жердегі омыртқалылардың бірінші көзге көрнекті өкілі әрі қоршаған ортадағы ахуалдың тамаша көрсеткіші. Өкінішке орай, адамдар құстардың жағдайына назар аудара бермейтіндіктен, жыл сайын «Жыл құсы» акциясы өткізіліп келеді. Биыл таңдау жұртшыға түсті – бұл тиісінше бағаланбай жүрген өлексе жейтін құстар ең кішкентай тобының өкілі. Басқа да құстар сияқты, жұртшының да ортасы тарылды, браконьерліктен бөлек, электр желілері мен жел энергетикасы нысандарына соғылып өліп жатады. Барлық ірі инфрақұрылымдық және жел энергетикасы жобалары халықаралық стандарттарға сәйкес экологиялық бағалау процедурасынан өтуі тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай стандарттар әлі жоқ, бірақ оларды қолдану құстардың жолындағы қауіп-қатерлеоді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретін еді», дейді Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко.
Айтқандай, 2025 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына екі құстың түрі – ақбас құмай мен күшіген енген.Жыртқыш құстарды көбейтіп, баптап, табиғат аясына жіберуде ауқымды зерттеулер жүргізіп келе жатқан «Сұңқар» орталығының директоры Ашот Анзоров:
«Бұрын бізге көбінесе көлік қағып кеткен құстарды әкелетін. Қазір мұндай жағдай азайды. Әрине, біз жаралы құстарды емдеп, табиғатқа қайта жібереміз, бірақ оңалту мәселесі күрделі және ол құры қиялмен шешілмейді», дейді.
Мамандар көп елде жараланған құстарға көмек көрсететін арнайы бағдарламалары жоқ болғандықтан, еріктілер құстарды өздері емдейтінін айтады. Құстарды емдеу кісіні емдеуден арзан емес – құны диагнозына байланысты 20, 50, тіпті 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Дала қанаттары – 2025» орнитологиялық байқауының ұйымдастырушысы Павел Аджигильдяев:
«Сонау жетпісінші жылдары Алматыда серуендеп жүріп, 60 шақты құс түрін кездестіруге болатын, қазір шамамен 20 түрі табылады. Құстар экожүйелерде маңызды рөл атқаратындықтанғ олардың азаюын – дабыл белгісі ретінде қарастыру керек», дейді.
Жоғарыда 13 жылдан бері Алакөлдің жағасында республикалық құстарды бақылап, тамашалайтын – «Алакөл қанаттары» фестивалі өткізіліп келе жатқанын атадық.Қазір Алакөлде шамамен 200 құс түрін кездестіруге, оның ішінде жойылып кету қаупі бар, сирек кездесетін реликті шағаланы көруге болады. «Алакөл қанаттары» фестивалінің ұйымдастырушысы Наталья Боровая бастапқыда фестиваль көңіл көтеретін шара болса, уақыт өте келе ол мәдени, білім беру және экологиялық бағдарламаларды қамтитын көпформатты орынға айналғанын атап өтті.
Осы арада тоқтала кететін тағы бір жәйт – Африка аптабына қарағанда қарағанда, Орталық Азия жыл құстары үшін жайлы болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл арада да талай мәселе бар, оларды тек қоғам назарын аудару арқылы шешуге болады десек, Алакөлдің бірегей табиғатын сақтауға бағытталған экологиялық бастамаларға тұрақты демеушілік танытып келе жатқан Carlsberg Kazakhstan компаниясының PR менеджері Мария Горохова:
«Фестиваль қатысушылары жыл сайын біздің аймақтық экологиялық акциямыз – «Мөлдір суға» да қатысып, көл жағалауындағы қоқыстарды жинайды. Әрі бұл біздің әлеуметтік жауапкершілік арқалаған компания ретінде беделімізді нығайтуға берілген тамаша мүмкіндік. Биыл осы ынтымақтастығымызды ұлғайтып, «Qazaq birds 2025» байқауын өткізуге ұйытқы болып жатырмыз. Байқау еліміздің бірегей табиғатын сақтаудың көкейкестілігін насихаттаса, әрқайсымыз осы маңызды миссияға өз үлесімізді қоса аламыз», дейді.