Ғарыштық зымырандарды ұшыру кезінде қолданылатын кері санау әдісін алғаш ойлап тапқан ғалымдар мен инженерлер емес, кинематографистер.
«Он...тоғыз...сегіз...жеті...» деп басталатын бұл рәсім бүгінде ғарыш сапарының қалыптасқан дәстүріне айналды. Тағатыңды тауысып, дымыңды құртатын осы бір тәсіл алғаш рет 1929 жылы шыққан немістің «Айдағы әйел» («Frau im Mond») атты ғылыми-фантастикалық фильмінде қолданылған. Көрерменнің қобалжуын күшейтетін бұл әдіс, әрине, сол кез үшін тосын әрі әсерлі жаңалық еді. Кейін дәл осы эффект нақты ғарыш саласында да көрініс тапты. Мінеки, бұл – кино өнерінің ғылымға жасаған ғажайып ықпалының бір мысалы.