Жыл басынан бері «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты пойыздармен жүрген жолаушылар саны бес миллионға жетті. Мерейтойлық жолаушы Астана қаласындағы «Астана-1» теміржол вокзалында арнайы құрметпен күтіп алынды деп хабарлайды Egemen.kz.
Бес миллионыншы жолаушы – небәрі 8 жастағы Мөлдір Сұлтан. Ол анасымен бірге Алматыдан Астанаға қатынайтын №9/10 бағытындағы жолаушылар пойызымен келген.
Аталған айтулы оқиғаға орай ұйымдастырылған шағын салтанатта Мөлдірге Ұлттық тасымалдаушы компания атынан естелік сыйлықтар табысталды. Оған жұмсақ ойыншық, планшет және сымсыз құлаққап сыйға тартылды. Бұл сыйлықтарды «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының директоры Замира Абжаппарова салтанатты түрде табыс етті.
Компания дәстүрге сай әрбір миллиондық межені ерекше атап өтуді қолға алған. Бұл – теміржол көлігін пайдаланатын жолаушыларға көрсетілетін ризашылық пен сапалы қызмет көрсетуге деген талпыныстың белгісі.
Дамира ТӨЛЕГЕН,
ЕҰУ студенті