• RUB:
    6.53
  • USD:
    511.67
  • EUR:
    582.38
Басты сайтқа өту
Есірткі 03 Маусым, 2025

Қызылордада 3 күнде есірткі өсірудің 5 дерегі анықталды

100 рет
көрсетілді

Елімізде «Қарасора - 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. 1 маусым – 31 қазан аралығында өтетін шараның алғашқы 3 күнінде Қызылордада есірткі өсірудің 5 дерегі анықталыпты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы арнайы ұйымдастырылған брифингте облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Тоқтыбаев хабарлады. 

Профилактикалық іс-шара мақсаты – есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алып, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу. Жергілікті атқарушы және басқа құқық қорғау органдарымен бірлескен жоспарға сай барлық аудандық полиция бөліністерінде мобильді-іздестіру және жедел-тергеу топтары жасақталды. Департаменттің барлық бөліністерінде сенім телефондары іске қосылды.

Алғашқы 3 күнде  есірткі өсірудің 5 дерегі анықталды. Бес жүз отыз түп сора мен жарты килоға жуық кептірілген марихуана табылып, толық жойылды.

Полиция полковнигі кей сайттарда тапсырмаларды өздігінен орындайтын чат-боттар арқылы синтетикалық есірткі заттарды таратушыларды жұмысқа шақырып жатқанын айтады.

«Ата-аналар балаларының жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, араласатын ортасына көңіл аударғаны жөн. Оңай ақша қызыққан мектеп оқушылары мен студенттер жауапқа тартылып жатыр. Есірткісіз қоғам құру бәрімізге ортақ міндет екенін ұмытпайық», деді С.Тоқтыбаев.