• RUB:
    6.53
  • USD:
    511.67
  • EUR:
    582.38
Басты сайтқа өту
Қылмыс Кеше

Шымкентте алтын сатушыға ақша бергендер сан соғып қалды

90 рет
көрсетілді

Елімізде жылдан жылға қаржы пирамидалары саны көбейіп барады. Олар артыңнан адам кіргізсең жылдам табыс табасың деп халықты алдап, сеніміне кіріп бар ақшасын қағып алып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

 

Сондай қылмыстық ұйымның бірі Шымкентте де пайда болды. Ол атышулы «Назира голд» қаржы пирамидасы. Қаншама адамды сан соқтырған алаяқ қазір бес сыбайласымен бірге қамауда. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы айтып берді.

Уәкілетті орган өкілінің мәлімдеуінше Нәзира Нұржан өзінің сыбайластарымен бірге өткен жылдан бері интернетке алтын сатамын деп жариялап 4 мың адамды салған ақшаларыңның үстінен бес ай бойы 41 пайыздан пайда тауып отырасыңдар деп өтірік уәдесіне сендірген. 10 млн теңге салсаңыз, 41 пайыздан ай сайын 4.1 млн теңге пайда табасыз. Бес айда табысыңыз 20.5 млн теңгеге шығады. Алтыншы айда бастапқы салған 10 млн теңгеңізді қайтып аласыз деп уәдені үйіп төккен.

Құзырлы орган өкілінің айтуынша мұндай табысты ешқандай жұмыс беруші бере алмайды. Ондай уәдеге сенетін адамдардың қысқа қайырғанда қаржылық сауаты жоқ деген сөз немесе оңай ақша табу ниетімен көзсіз тәуекелге баратындар.

«Бизнесте рентабельдік деген ұғым бар. Ол кәсіпкерліктен түсетін пайданың көлемі. Қаржыгер мен экономистердің есебінше жылына 1-5% көлемінде пайда табу төменгі рентабельді, 5-20% орташа рентабельді, 20-30% жоғары рентабельді бизнес боп саналады. Ал «Назира голд» қаржы пирамидасы 200-300% аралығында пайда табасыңдар деген. Ақылға қонымсыз нәрсе ғой. Мұндай пайда болса жұрттың бәрі алтын сатумен айналысып кетпей ме. Әлеуметтік желіде өзін күдікті Назира Нұржанның қорғаушысымын деп таныстырып жүрген Тілеужан Кішкенебаев деген азамат бар. Ол экономикалық тергеп-тексеру департаментіне Назираның қорғаушысы ретінде бірде-бір рет бас сұқпаған. Тергеу ісіне де араласпаған. Себебі ол ешқандай да адвокат емес. Республикалық адвокаттар алқасының жауап хатына сәйкес Т.Кішкенебаевтың адвокаттық қызмет атқаруға лицензиясы жоқ болып шықты. Ол халық арасында шындыққа жанаспайтын әртүрлі ақпараттар таратып, салымшыларды Назираның үстінен арыз жазбауға үгіттеп жатыр. Оның Назира Нұржан серіктестерімен бірге мемлекетке 1.2 млрд теңге салық төледі деген ақпараты кірістер департаментімен ешқандай расталмады. Одан бөлек Назираның жанында жүрген адамдары алтын бұйымдар сататын кәсіпкер ретінде тіркелмегені анықталды. Назираның өзі алтын сатты. Бірақ оның бәрін тек көзбояушылық үшін жасады» деді Алмас Манатұлы.

Департамент өкілінің айтуынша нарықта саудагерлер алтынның 1 грамын 26 мың теңгеге сатып алады. 10 млн теңгеге 384 грамм алтын келеді. Оның әр грамын бөлшек саудада 30 мың теңгеден сатады. Сонда бастапқы 10 млн теңге 11 млн 538 мың теңге табысқа айналады. Яғни үстінен 1 млн 538 мың теңге таза пайда көретінін тілге тиек етті.  Сондықтан 200-300 пайыздап пайда табу деген ол жәй әншейін бос қиял.

Қазақстан бас прокуратурасының, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше бұған дейін Назира Нұржан төрт рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Оның үшеуі ұрлық, біреуі алаяқтық дерегі бойынша істі болған.

Назира басқарған алаяқтық топтың салымшылардан жинаған ақшасы, сатып алған жылдымайтын мүліктері, көлік басқа да заттары тәркіленді. Олардың жалпы сомасы 1.5 млрд теңгені құрайды. «Назира голд» қаржы пирамидасынан жаппа шеккен 104 азамат экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арызданыпты. Жәбірленушілерге келтірілген залал көлемі 810 млн теңгені құрап отыр. Кейбір азаматтар қарызға несие алып, үйін сатып 130 млн теңгеге дейінгі ақшаны қаржы пирамидасына салып жіберген.

Өз кезегінде департамент өкілі әлеуметтік желіге «Назира голдты» жақтап пікір қалдырғандар да жазасыз қалмайтынын айтты. Олар қылмыстық кодекстің жала жабу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттеріне кедергі келтіру баптары бойынша жазалауы мүмкін. Сол себепті Алмас Манатұлы халықты, оның ішінде салымшыларды тек ресми ақпараттарға сенуге шақырады. Құзырлы орган өкілінің мәлімдеуінше сот шешімімен қаржы пирамидасынан тәркіленген мүліктер сатылып одан түскен пайда жәбірленушілерге толық қайтарылады. Ол үшін жапа шеккен салымшылар экономикалық тергеп-тексеру департаментіне келіп арыз жазуы қажет.

Айта кету керек өткен жылы Шымкент қаласында қылмыстық кодекстің алаяқтық баптары бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, 14 адамның 13-і бас бостандығынан айрылған болса, биыл осы жағдайға ұқсас 8 іс тергеліп жатыр. Оның ішінде «Назира голд» қаржы пирамидасына қатысты іс те бар. Тергеу аяқталған соң істер толық сотқа жолданатын болады.  

ШЫМКЕНТ