Қызылордада жаңа туған сәбиін сатпақ болған ана ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ішкі істер министрлігі республика аумағында «STOP трафик» атты кезекті ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырып, адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркеді. Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек бар.
«Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы анықталды. Белгілі болғандай, 25 жастағы әйел бала туғанға дейін де, туғаннан кейін де арнайы қоғамдық қорда тұрған. Оның баладан бас тартуына байланысты қор жетекшісі делдал ретінде сәбиді облыстың 50 жастағы тұрғынына 1 миллион теңгеге асырап алу үшін сатуды ұсынған. Қазіргі уақытта үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды», деп мәлімдеді ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Павлодарда жаңа туған сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған әйел ұсталды
Сонымен қатар, тексеру жұмыстары нәтижесінде Алматы қаласында адамдарды қылмыстық мақсатта пайдаланумен айналысқан ұйымдасқан топ әшкереленген. Олар тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды тауып, оларды түрлі жолмен пайдалану үшін тартқан. Сонымен қатар, олардың атына қымбат автокөліктер рәсімдеп, кейін басқа қалаларда сатумен айналысқан. Қазіргі уақытта негізгі ұйымдастырушылар ұсталды, тергеу жалғасып жатыр.