Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің полковнигі Жазира Жылқышиева «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің ұжымымен кездесті, деп жазады Egemen.kz.
Жиынды «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Дихан Қамзабекұлы ашып, қос газет ұжымына спикерді таныстырып, кездесудің мақсаты қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру екенін атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған Жазира Жақсылыққызы Сыбайлас жемқорлық туралы және алдын алу бойынша қазіргі заңға сәйкес талаптарды және болатын өзгерістерді баяндады.
Оның айтуынша Президент Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тұжырымдамасы бойынша жұмыстардың басым бөлігі орындалған. Заңнамаға өзгерістер сол тұжырымдама аясында енгізіліп жатыр. Тұжырымдама бойынша 6 бастама жүзеге асырылған. Атап айтқанда жемқорлардың ашық тізілімін енгізу, мүдделер қақтығысын реттеу, пара беру/ұсыну туралы уәдені қылмыстық сипатқа ие ету, заңсыз сыйақы талап етуге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау, жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілік және заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту бағытында жасалған жұмыстарға тоқталды. Әр жылдары қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар туралы да түсінік берді.
«ТМД елдері арасында алдымен Қазақстан 1998 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруді қолға алды. 2015 жылға дейін заңнама бойынша жазалау қылмыстық құқықтық шараларының басымдығы болса, қазіргі уақытта алдын алу басымырақ бағытқа ие» деді Ж.Жақсылыққызы.
Жазира Жылқышиева сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат оқу-ағарту, алдын алу және жазалау секілді үш бағыттан тұратынын, жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға көтермелеу сыйақысы берілетінін айтты. Одан әрі газет тілшілерінің сұрақтарына тұщымды жауап берді.