• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Кеше

Мал шаруашылығы: ғылым мен тәжірибе үндестігі

90 рет
көрсетілді

Қазір экологиялық таза өнімге деген сұраныс басым. Бізде бұл бағыттағы әлеует үлкен. Оған «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты» ғалымдарының еңбегі нақ­ты дәлел.

Елімізде табиғи жайылым мен шабындық­тар, мал азығы дақылда­рын өсіретін алқап жеткілікті. Экологиялық таза өнім өндірісін қалыптастыру тұрғысынан жылқы мен қой және сиыр етінің мүмкіндігі мол. Жылқы еті дәмді әрі сіңім­ді, қорытылуы да жеңіл. Адам ағзасынан радиациялық қал­дықты шығаруға ықпал ете­тін қасиеті де бар. Сондай-ақ қазақ жылқылары сүтті, тәулігіне 17-21 литр сүт береді. Жабағы құлын­дар күзде 240 кило тірілей салмаққа жетеді. Жайлымдағы табиғи шөптердің қуатымен түзіл­ген сүттен ашытылған қы­мыз­дың тағамдық қасиеті жоғары болады.

Бие сүтін леофилді әдіспен құрғақ ұнтаққа айналдыру және өнімдердің экспортқа шыға бас­тауы жылқы сүтін әлемдік нарық­та танымал ете түсті. Ендігі мақсат – жылқы етін экспортқа шығару. Қазір Жапониямен жылқы етін экспорттауға байланысты құжаттар келісіліп жатыр. Ал институт ғалымдары жылқы етінің стандартын қалыптастыру бағытында ізденіске кіріскен. Көшім мен Мұғалжар тұқымдары «жабы» жылқысы тұқымнан өр­біген. Бұлардың негізгі қасиеті – азық талғамайды, ауа райының құбылмалы өзгерістеріне көн­біс, шаруаға қолайлы. Инсти­тут ғалымдары Кембридж универ­ситетімен бірге жүргізген зерттеулерде қазақ жылқысында жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталды. Бұған қарап қазақы жылқының тектілік қасиеті тереңде деген байлам жасауға болады.

Алуан түрлі шөп жеген қой етінің құрамы бөлек. Инс­ти­тут жүргізген ғылыми зерт­теу­лерде қой етінің құрамын­дағы амин қышқылы арақаты­насы­ның өте оңтайлы қалып­тас­қаны анықталып, қой еті­нің ағзаға пайдасы зор екені айқын­далды. Әлемдік нарықта қозы етіне сұраныс артуына орай қой шаруашылығы инсти­туты ғалымдары шетелдік селек­цияның үздік жетістігін, мысалы, дойчемеринофлейшшаф, аустралия етті мериносы, суф­фольк, гемпшир, дорпер ата­лық қошқарларын пайдалана отырып, будандастыру әдісімен өнімділігі жоғары қой топтарын өсіріп, селекция есебінен қозы етін өндіруді 15%-ға арттыруға қол жеткізді. Бұл қой етінің сапа­сы нарықтағы сұранысқа сай келе­тіні, ұшадағы ет-май үлесі 83% екені анықталды. Шаруаның қисы­нын тапқан қожалықтар еті мол, қозысы ерте жетілетін, жайы­лымда тез қоң жинайтын, бор­дақыласа тез семіретін қой өсі­ріп, табысын арттырып жатыр.

Нарықта сиыр етіне деген сұ­раныс та ерекше. Әлеуетімізді сараласақ, республикада ірі қара малын «көктем-жаз-күз» тіз­бе­гінде жаюға жарамды маусым­дық жайылымдар 68 млн гектар көлемінде екен. Бұл – көпжылғы ғылыми ізденіс нәтижесінде дәлелденген мәлімет. Өсіріліп жатқан сиыр малы 30 млн гектар жайылымды ғана пайдалана­ды. Яғни сиыр өсіруге резерв жеткілікті. Қысқы азығын табиғи шабындықтан дайындаса, эколо­гиялық таза өнім өндіруге бейім мамандандырылған шаруа­шы­лық қалыптасар еді.

Жайылым демекші, институт­тың нәтижелі әзірлемелерінің бірі – ауыспалы жайылым жасақ­тау тәсілі. Технология бойынша жайылым тізбегінде үш түрлі шөпті өсіру шендестірілген: еркекшөп, тарлау және жаздық сұлы. Тарлау таптауға төзімді, құнарлы әрі малға жұғымды. Азықтық қоректілігі жыл бойына сақталады. Көктем шығысымен мамыр айының соңына дейін мал тарлау егілген телімде жайы­лады, содан соң маусымның соңына дейін еркекшөп өскен телімге ауыстырылады. Келесі телімге ауысқан аралықта жайы­лымда желінбей қалған тар­лау мен еркекшөп шалғыны шауып алынады. Осындай шаралар нәтижесінде шілде айында тарлау егілген телім қайтадан мал жаюға дайын тұрады. Тамыз бен қыркүйекте мал жаздық сұлы егілген телімде жайылады. Қазанда еркекшөп пен тарлау егілген телімдерге қайта ора­лады. Осындай жүйемен түзіл­ген ауыспалы жайылым мал­дың азықтық қажеттілігін толы­ғымен өтеп, малдың күйін қоңды сақтайды. 100 бас сиырды азықпен толық қамту үшін көлемі 120 гектарлық жайылым жері жеткілікті, яғни 1 бас сиырға 1,2 гектар жеткілікті.

Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін, әрине, бірінші кезекте қой мен жылқы шаруа­шылығын барынша дамыту қа­жет. Қуаң жерде өсетін аласа келген жатаған шөп қауымдастығын тек қой мен жылқы толық жей алады. Әрине, қуаң аймақтарда жиі кездесетін күйреуік, қоңыр­бас, бүйіргін, көкпек, мия, шоған, мортық, алабұта, түйетікен, жантақ өсімдіктерін тек түйе малы ғана сүйсініп жейтінін ескерсек, түйе саласы да назарға алынғаны абзал.

Тағы бір мәселе – малды асылдандыру жайы. Кеңес кезінде нәсілі мен өнімділігіне қарай «өндірістік мал», «тұқым мал», «асыл тұқымды мал» және «ата­лық мал» деп топтастырып, олар­ды бағалаудың арнайы жеке жүйелері қалыптасқан-ды. Бүгін­де бұл жүйе тоқырады. Асыл тұқымды малды іріктеу, бағалау және аталық малды ұрпағының сапасы бойынша сынау үрдісі дәрменсіз күйде. Елде асыл тұ­қым­­ды мал орны ойсырап тұр. Қой­да асыл тұқымды мал үлесі 16%, сиырда 13%-дан аспайды. Мал өсірудің заманауи ағымына қарасақ, қажетті үрдістерді цифр­ландыру шаруашылықты тиімді жүргізуде ең басты тетік еке­нін байқаймыз. Бұл бағытта инс­титут тарапынан тиісті жұ­мыс қолға алынып, ғылыми әзір­леме жүзеге асырылады.

Қазір ғалымдар тобы малдың асыл тұқымдық құндылығын бағалаудың заманауи BLUP әдісін өндіріске енгізгелі жатыр. Сондай-ақ жайылымдық қорды тиімді игерудің барлық жолын қамтыған 5 интерактивті картадан тұратын WEB-портал өндіріске енді. WEB-порталдың электрондық карта қосымшасы жайылымдағы су көздерінің жағдайы, мөлшері, минералдану деңгейі және оларды қол­дану мүмкіндіктері тура­лы толық ақпарат береді. Ғалым­дар дайындаған осы бағдар­лама мемлекеттік цифрландыру бағ­дарламасы легіне кірсе, елде мал шаруашылығын өркендетудің берік іргетасы қалыптасар еді.

Мал шаруашылығын өркенде­ту – елдегі шаруаның тіршілік тынысын кеңейтудің бірден-бір дара жолы. Мал шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында барша қауымға жа­йылым шүйгін, мал күйлі болсын деген тілек айтамын.

 

Айбын Төреханов,

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор 

Соңғы жаңалықтар