• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Маусым, 2025

Жасанды интеллектіні дамытуға назар аударды

20 рет
көрсетілді

Сенаттың Taldau Talks подкасының жаңа шығары­лымы жарияланды. Кезекті шығарылым Қазақстанда цифр­ландыру және жасан­ды интелектіні дамыту та­қырыбына арналды. Сұхбат барысында қол жеткізілген нәтижелермен бірге data-орталықтарды дамы­ту, цифрлық теңсіздік­ті жою, IT-кадрлар даяр­лау және заманауи АI-техно­ло­­гия­­ларды енгізу сияқты жаңа міндеттер де сөз болды.

Талқылауға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастамашы болды. Подкастқа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, inDrive компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова қатысты.

Палата спикері атап өткендей, цифрландыру жаңа технологияларды енгізуді ғана емес, өмірдің барлық саласын жүйелі түрде өзгертуді көздейді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды жасанды интеллект кеңінен қолданылатын және цифрлық технологиялардың дамуына жағдай жасалған Еуразияның цифрлық хабына айналдыруды міндет етіп жүктеді. Бұл – биік, дегенмен қол жеткізуге болатын нақты мақсат. Оны іске асыру үшін кәсіби кадрларға, заманауи инфрақұрылымға және тиімді жасанды интеллект шешімдеріне сүйене отырып, толыққанды цифрлық экожүйе қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана қазіргі жаңа технологиялар заманында өзіміздің лайықты орнымызды ала аламыз», деді М.Әшімбаев.

Подкаст барысында KazLLM ұлттық тіл моделін құруға, Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосуға, елімізде data-орталықтар желісін дамытуға және Қазақ­станға аймақтағы ең қуатты суперкомпьютерлердің бірінің жеткізілуіне қатысты мәселелер де талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар цифрлық егемендік мәселелеріне, атап айтқанда, технологиялық тәуелсіздіктен бастап отандық ЖИ өнімдерін жаһандық нарыққа экспорттауға дейінгі жұмыстарға назар аударды.

«Қазір әлем ауқымды өзгеріс­тердің табалдырығында тұр. Біз осы үдерістен тыс қалмауымыз керек. Жасанды интеллект үлкен мүмкіндіктермен бірге айтар­­лықтай сын-қатерлер де туғыза­тыны белгілі. Сондықтан бұл саланың дамуын адамдардың, ел­дер­дің және бүкіл адамзаттың игі­лігі­не бағыттау – бәріміздің ортақ міндетіміз», деді М.Әшімбаев.

Айта кетейік, Taldau Talks – ашық диалог алаңы. Онда ел дамуына қатысты маңызды мәселелер және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру жолдары талқыланады. Подкастың толық нұсқасын мына сілтемесі арқылы көруге болады: https://youtube/D-ZxbIUNq4g