Қазақстанда су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері өзгерді. Төтенше жағдайлар министрі 2025 жылғы 29 мамырдағы жаңа талаптарды енгізетін бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство атап өткендей, енді жергілікті атқарушы органдар су айдындары мен су шаруашылығы құрылыстарында құтқару бекеттері болмаса, жаппай демалыс, туризм және спорт аймақтарын ашуға рұқсат бермейді. Бұл бекеттер кәсіби нұсқаушылармен, қажетті құтқару жабдықтарымен және құралдарымен толық жабдықталуы тиіс.
Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған арнайы бөлменің болуы міндетті – онда кезекші медицина қызметкері, қажетті құралдар мен дәрі-дәрмектер болуы қажет. Бұдан бөлек, мұндай нысандарда балалар шомылатын арнайы аймақтар (балалар жағажайы) жабдықталуы керек.
Бұған дейінгі ережелерде құтқару бекеттерін ерікті құтқарушылармен жабдықтау қарастырылған болатын.
Бұйрық 2025 жылдың 15 маусымынан бастап күшіне енеді.