Бүгін Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шерзат Полатты өлтіру, Нұрғанат Гаипбаевты өлтіруге оқталу, бұзақылық, ұрлық және жасалған қылмыс туралы хабарламау айыптары бойынша 9 адамға қатысты үкім шығарды, деп жазады Egemen.kz.
Сот кінәлілерге ауыр жаза тағайындап, түсініктеме берді.
Сот барлық ұсынылған дәлелдемелерді зерттеп, сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәлері толық дәлелденген деген тұжырымға келді. Жәбірленушілердің, куәлердің айғақтары, оқиға орнынан алынған бейнежазбалар бар, заттай дәлелдемелер алынған, қажетті сараптамалардың барлығы өткізілген. Жоғарғы сот олардың шынайылығында күмән жоқ екенін атап өтті. Бұл дәлелдемелер сотталушылардың әрқайсының әрекетін айқын анықтауға мүмкіндік береді. Шынасылдың нақты Шерзат Полатқа, оның өліміне алып келген пышақ жарақатын келтіргені, медициналық-криминалистік сараптама қорытындысымен бекітілген. Сараптама Шынасылдан алынған пышақпен (пышақ жүзінің сипаттамасымен) жарақат келтірілгенін көрсетті. Пышақ Шынасыл көрсеткен жерден, орман алқабынан алынған. Тергеу кезінде Шынасыл кінәсін мойындап айғақ берген. Осы орайда, басқа сотталушылардың әрекеттері салдарынан Шерзат Полатқа жеңіл дәрежелі зиян келтірілген. Бұл да сараптама қорытындысымен расталған. «Заң бойынша адам өлтіруді адамдар тобымен жасалған деп, егер ол екі немесе одан да көп тұлғалардың бірлесіп жасаған әрекеттерімен жасалған кезде танылады. Өлімнің себебі бір пышақ соққысынан болған және оны Шынасыл жасаған. Сәйкесінше, ол адам өлтіру бойынша кінәлі деп танылған. Бұзақылық заң бойынша барынша арсыздықпен ерекшеленетiн, күш қолданумен, соның ішінде жеңіл дәрежелі денсаулыққа зиян келтірумен ұштасқан, қоғамдық тәртіпті аса қатыгездікпен бұзу болып танылады. Сондықтан жәбірленушілердің денсаулығына, соның ішінде Полатқа, жеңіл дәрежелі зиян келтірген сотталушылардың әрекеттері бұзақылық ретінде сараланған», делінген Жоғарғы Сот хабарламасында. Шерзат Полатқа соққылар келтірген Белғожаев пен Ильясовтың қолдарында пышақ және оқталған мылтық болғанын ескеру қажет, яғни олар жәбірленушіні сол пышақтың жүзімен ұрып және мылтықпен атуға мүмкіншіліктері болған, бірақ олар пышақтың сабымен және мылтықтың түбімен ұрғаны анықталды. Жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің 53-бабында қаралған жеңілдететін мән-жайларды тек Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтарда, Калиахметте (бұл жас балаларының болуын) және Ысқақтың кәмелетке толмағанын ескерді. Сондай ақ, барлық сотталушыларда, кәмелетке толмағаннан басқа, ауырлататын мән-жай ретінде алкогольден масаң күйде болуы танылған. Сонымен қатар сот сотталушылардың жеке басын, олардың бір бөлігінің бұрын сотты болғандарын ескерген. «Атап айтқанда, Азамат Тоқтаубаев пен Нұрқияс Ильясовке бұрынғы соттылықтарының өтелмеген жазаларын ескеріп, 15 және 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл мерзімдер, жоғарғы шегіне жақын. Бұзақылық бойынша басқа кінәлілерге заңмен белгіленген жоғарғы мерзімдер - 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Келтірілген моральдық зиянды өтеу үшін жақын туыстарының көзінше аса ауыр қылмыс жасағаны ескеріліп, Шынасылдан 60 миллион теңге, Сакиевтен 30 миллион теңге өндірілді. Басқа сотталғандар мен Сакиевтен бұзақылық жасағаны үшін бірлесіп, 30 миллион теңге өндірілді», делінген Жоғарғы Сот хабарламасында. Жәбірленушілер кәмелетке толмаған Ы-ға қатысты азаматтық талаппен арызданбаған. Бұдан бөлек, сотпен куәлер Д.А.Жақсыгелді, Э.К.Нурбекова, А.М.Казакенов, Ю.Д.Рузбакиевтің әрекеттерінде болуы мүмкін қылмыс құрамына прокурордың назарын аудару туралы жекеше қаулы шығарылды. Олардың кінәсінің дәрежесін құқық қорғау органдары анықтау қажет. Аталған сот талқылауы БАҚ өкілдерінің қатысуымен толық ашық өткенін атап кету қажет. Барлық сот отырыстары жұртшылық тарапынан жоғары назар аудару жағдайында тікелей эфирде көрсетілді. Бұған қарамастан сот тек қана заң нормаларына және әділдік принципін басшылыққа ала отырып, бейтараптылықты ұстанды.