Маусымның екінші күні жеті керқұлан тиеген екі әскери ұшақ Чехия, Мажарстан жерінен ұшып шығып, келесі күні таң ата Арқалыққа келіп қонды. Бұл – «Жабайы жылқыларды тарихи мекеніне қайтару» жобасы аясында жасалған екінші халықаралық әуе сапары.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің мәліметінше, кертағылар Прага зообағы мен Мажарстанның «Хортобадь» ұлттық саябағынан әкелінген. Жануарлар бірден «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды жерсіндіру орталығына жеткізілді. Керқұландар резерваттағы кең қашарларда бір жыл ұсталады. Одан кейін сайын далаға еркіне жіберіледі. Аталған орталықта жайлы инфрақұрылым, жабайы жылқыларға қарайтын арнайы мамандар бар.
«Бұл – біздің бір жыл бойы жүргізген жұмысымыздың нәтижесі. Керқұландардың тағы бір тобы аман-есен келіп жетті. Ал бірінші әкелінген керқұландар Торғай даласына әбден үйреніп, жерсінді десек болады. Олар қазір «Алтын дала» мемлекеттік резерваты инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат аясында тіршілік етіп жатыр», дейді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Прага зообағы Чехия әуе күштерінің көмегімен Қазақстанға осымен екінші рет кертағы жеткізіліп отыр.
«Еуропалық зообақтардан әкелінген бұл жануарлар жабайы табиғат аясындағы жергілікті популяцияның қалыптасуына негіз салады деген ойдамыз. Торғай даласында тіршілік етуге әбден бейімделген генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, бұл аса күрделі жобаны жалғастыра береміз», дейді Прага зообағының директоры Мирослав Бобек.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Арқалық қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Марғұлан Қойшанұлының айтуынша, бірінші борт Мажарстаннан 4 керқұлан, екінші борт Чехиядан 3 керқұлан жеткізген.
«Биылға барлығы осы 7 құлан, келер жылы тағы 8 құлан әкелінеді. Осылайша, 2029 жылға дейін аталған екі елден бізге борт келіп тұрады. Керқұландар жазық далаға жіберіледі. «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары қазір бұрынырақта әкелінген керқұландардың аналықтары мен аталықтарын қосып жатыр. Бұған дейін 2024 жылдың маусым айында жеткізілген құландардың бәрі дін аман. Ветеринариялық бақылау жасап, бәрін қабылдап алдық. Бұл құландар енді бір айға дейін карантинде тұратын болады», дейді инспекция басшысы.
Мамандардың айтуынша, керқұлан (кертағы) – жер бетінде қалған жабайы жылқылардың ең ақырғы түрі. Жабайы табиғат аясында XX ғасырдың ортасына қарай жойылып кеткен. 2029 жылға дейін Торғай даласында кертағының одан әрі көбейіп, тұрақты популяция түзуі үшін тағы 40-45 бас жылқы әкелу жоспарда бар.
Қостанай облысы