• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Ақтөбе облыстық ҚХА-ның XXVIII сессиясы өтті

50 рет
көрсетілді

Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясы өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өтті. Іс-шара ҚХА-ның 30 жылдығына орайластырылды және биыл сәуір айында Мемлекет басшысының ҚХА-ның XXXIV сессиясында қойған міндеттерін іске асырудағы маңызды кезең болды. 5 маусымда өткен аталған сессияға облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, «Ассамблея жастарының» өкілдері, мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, құқыққорғау органдарының қызметкерлері, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz аталған облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сессияны ашқан облыс әкімі Ассамблея өзінің 30 жыл ішінде этносаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін бірегей тұғырнамаға айналғанын атап өтті, сондай-ақ Мемлекет басшысы қойған міндеттерді дәйекті іске асырудың маңызына тоқталды.

«Этносаралық келісім мен бірлік – біздің өңіріміздің тұрақтылығы мен дамуының негізі. Барлық этникалық топтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру маңызды. Қазақстан халқы Ассамблеясы толеранттылық мәдениетін қалыптастыруда және әр халықтың салт-дәстүрлерін құрметтеуде шешуші рөл атқарады. Біз жастар көшбасшылығын дамытуға және мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Облыстың барлық тұрғындары үшін үйлесімді және гүлденген болашақты қамтамасыз ету үшін бірігіп жұмыс істеуіміз қажет», деді облыс әкімі.

Жиында негізгі баяндаманы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов жасады. Ол Президенттің тапсырмалары аясында өңірде этносаралық тұрақтылықты нығайту бойынша кешенді жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді. Этномедиацияны дамытып, жастар арасында мемлекеттік тілді ілгерілетуге, сондай-ақ этностардың мәдениеті мен өнерін дәріптеуге көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта ҚХА мүшелерінің қатысуымен республикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Ассамблеяның жастар қанаты мәдениетті, тілді және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді.

«Осы бағытта Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында облыстық деңгейде жол картасы бекітілді.

Ендігі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі 13 жобасы облыстық басқармалардың, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінің атаулы даталар мен қоғамдық маңызы бар іс-шаралар жоспарына енгізіледі», деді Әлібек Байнешов.

Сондай-ақ, ол «Қоғамдық келісім» ғимаратын туристік картаға енгізу жұмыстары басталғанын және жыл соңына дейін аталған нысан мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында мәдени көрмелер өткізу жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ, барлық ауданда шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Достық керуені» көшпелі концерттік бағдарламасы өткізіледі. Сонымен қатар, «Елтану» және «Бірлігіміз – әлеуметтану» жобалары аясында этномәдени бірлестіктер мектеп және колледж оқушыларымен кездесулерін жалғастырады.

Сессия барысында «Родина.KZ» этномәдени бірлестік төрағасының орынбасары Виктория Сурай да өз пікірімен бөлісті. Бірлестіктер алдағы уақытта да мәдени және ағартушылық жобаларды дамыту арқылы бірлікті нығайтуға үлес қосуды жалғастырады.

Ал, жастарға қатысты бастамалар жайын Ассамблеяның жастар қанатының өкілі Якуб Тамаев айтып берді. Ол «Жастар Ассамблеясы» тек белсенді азаматтық қоғамдастық емес, сонымен қатар нағыз патриотизм мектебі екеніне тоқталды. Жастар бірлестігі қазақ тілін ілгерілету бойынша «SŪQBATTAS» подкасы, «Мәміле» клубы, «Söileqazaqşa» айдары сияқты жобаларды іске асырады, сондай-ақ этномедиация және медиа сауаттылық бойынша семинарлар, «Біздің заманның көшбасшылары» тренингтерін өткізеді.

«Қазақ тілі – елдің тарихы, мәдени және рухани мұрасы. Ол ұлт бірлігін қалыптастыратын құрал, мемлекеттік басқару тілі, азаматтық бірегейліктің белгісі», деді Якуб Тамаев.

Сессия соңында марапаттау рәсімі өтті. Облысқа сіңірген еңбегі үшін ардагер-ұстаз Хабиба Сарқұловаға куәлік пен төсбелгі табысталды. Сондай-ақ, әзербайжандар қоғамының облыстық филиал төрағасы Рахиб Азизовті 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Біз бұл жұмысты бірлесіп жалғастыруымыз керек. Тек диалог және бір-біріміздің мәдениетіміз бен тілімізді құрметтеу арқылы ғана еліміздің тұрақты болашағын қамтамасыз ете аламыз», деді сессияны қорытындылаған аймақ басшысы.