Еске салайық, бүгін айтулы мерекеге орай Қазақстанның барлық мешіттерінде айт намазы оқылды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұсылман жамағаты таңсәріден мешіттерге жиналды. Астанадағы республикалық Бас мешітте ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінде наиб мүфти Ермек Мұқатай, «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешітінде Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сейітбеков жамағатқа Құрбан айттың мән-маңызы, құрбан шалудың тарихы мен хикметі туралы уағыз-насихат айтты. Айт намазынан кейін елдің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасалды, деп жазады Egemen.kz.
Айта кетелік, Құрбан айт мерекесі қарсаңында Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен бірнеше мұқтаж отбасының шаңырағына бас сұғып, құрбандыққа шалынған мал етін, азық-түлік түрлерін, балаларға тәттілер мен сый-сияпаттар тарту етті. Кездесуде Н.Тағанұлы Құрбан айттың мұсылман жұрты үшін рухани-әлеуметтік маңызына тоқталып өтті.
«Құрбан айт – бірлік пен бауырмалдықты арттыратын ұлық мейрам. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүзеге асырып келе жатқан Qurban.muftyat.kz онлайн қайырымдылық платформасы арқылы былтыр 136 мыңнан астам мұқтаж отбасыға көмек көрсетілді. Бұл – халқымызға тән қайырымдылық пен бауырмалдықтың жарқын үлгісі, деді Бас мүфти.
Қайырымдылық шарасы тұрғындардың ерекше ризашылығын тудырып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Сондай-ақ бүгін Бас мүфти елордадағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде жұма намазын өткізіп, жиналған жамағатпен бірге еліміздің амандығы мен бірлігі үшін дұға жасап, Құрбан айт мерекесіне орай жамағатқа ізгі тілегін білдірді.
Айта кетелік, бүгін Қазақстан мешіттерінде «Құрандағы ізгі (қайырымды) іс-амалдар» тақырыбында жұма уағызы айтылды.