• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Партия Кеше

Ұлттық құрылтай аясындағы “100 кітап” жобасының аралық қорытындысы шықты

50 рет
көрсетілді

«AMANAT» партиясы ең көп оқылатын отандық 100 әдеби кітапты анықтау бойынша жалпыұлттық сауалнама жүргізуге белсенді қолдау көрсетуде, деп жазады Egemen.kz.

Қазіргі таңда отандық әдебиеттің ең көп оқылатын әрі қазақстандықтардың сүйікті 100 кітабын анықтауға арналған жалпыұлттық сауалнама жалғасуда. Бүгін елордада Ұлттық құрылтай мүшелерінің, жазушылардың, қоғам қайраткерлері мен оқырмандардың қатысуымен тақырыптық іс-шара өтіп, оның барысында алдын ала қорытындылар жария етілді. Қазіргі уақытта сауалнамаға 16 мыңнан астам азамат қатысқан.

Ұйымдастырушылар – Қазақстандық қоғамдық даму институтының мәліметінше, дауыс беру 23 шілдеге дейін жалғасады. Отандық авторлардың ең көп оқылатын 100 туындысы 10 тамыз – Абай күні ұсынылады.

Жоба 2025 жылы 23 сәуірде – Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсынысы бойынша бекітілген Ұлттық кітап күні бастау алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бастамаға қолдау білдірді. Мемлекет басшысы қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытудың, сондай-ақ кітаптардың қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын үніме айтып келеді.

Іс-шарада сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Ұлттық құрылтай мүшесі Айдос Сарым бұл бастама әдеби талғамның қалыптасуына ықпал етіп қана қоймай, еліміздегі кітап индустриясына байыпты бағдар беретінін атап өтті.

«Егер осы сауалнама нәтижесі бойынша біз белгілі бір кітаптардың барлық жерде барынша көп оқылатынын білетін болсақ, бұл аталған туындыларды қайта басып шығаруға, оларды насихаттауға және дәріптеуге мүмкіндік береді. Мұндай сауалнамалар – бейберекет ақпарат ағымына қарсы тұрудың, әдебиетке тұрақты және ғылыми негізделген талғам қалыптастырудың бір жолы. Өзге мемлекеттердегі секілді, уақыт өте келе өз құндылығын жоғалтпайтын кітаптар тізімі жасалады. Біз қоғамды не толғандыратынын, жастардың, аға буынның қай жанрды ұнататынын ұғына аламыз. Бұл жай ғана тізім емес, бұл – дәуір айнасы», – деді ол.

Айдос Сарымның айтуынша, аралық қорытынды әр түрлі жастағы азаматтардың, әр түрлі тілде сөйлейтін топтардың талғамына талдау жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай зерттеулер баспагерлерге қандай кітаптар сұранысқа ие және не нәрсеге назар аудару керек екені туралы мәлімет ұсынады. Жоба қазірдің өзінде маңызды мәдени оқиғаға айналды. Соның көмегімен болашақта ауқымды әлеуметтік-мәдени зерттеулер жүргізуге болады.

Сонымен қатар «100 кітап» жобасы аясында қатысушыларды ынталандыру мәселесі де қарастырылған. «100 кітап» жобасының серіктесі – «Меломан-MARWIN» дүкендер желісінің қолдауымен 9000-шы, 10000-шы және 16000-шы дауыс берушілерге сыйлық карталары табысталды. Бұл қадам оқырмандарға жарқын тосынсый ғана емес, отандастарымыз сүйіп оқитын 100 кітапты таңдау процесіне азаматтарды барынша көп тартуға қосымша ынта болды.

Мәселен, 9000-шы дауыс беруші – Астана тұрғыны Жүсіп Амантай, 10000-шы қатысушы – Қарағанды тұрғыны Әсел Көшен, ал 16000-шы азамат – Ақтөбе тұрғыны Гүлжан Өтегенова.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге белсенді атсалысуда. 2023 жылғы қыркүйек айынан бастап партия «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып, соның аясында ел аумағында, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда 23 кітап орталығы ашылды. Онда әдеби кештер, жазушылармен кездесулер, түрлі байқаулар өтеді. Барлығы 700-ден астам іс-шара өткізілді. Кітаптар нарық бағасынан төмен бағамен сатылады.

Әр қазақстандық азамат eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы дауыс беріп, он кітапқа дейін таңдау жасай алады. Шығарманың атауы мен авторын да көрсету қажет