Елордада жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі шеңберінде алғашқы жылжымалы құрамдар жеткізілді. Төрт вагоннан тұратын пойыздар арнайы жабдықталған автотралдар арқылы Қазақстанға жеткізілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, жаңа құрамдар Қытайдың Таншань қаласындағы зауытта өндірілген. Олар автокөлікпен Қытай мен Қазақстан арқылы өтетін 5300 шақырымнан асатын маршрут бойынша тасымалданып, елордаға он күн ішінде жеткізілген.
«Ұзындығы 60 метрлік жылжымалы құрамдар GOA 4 деңгейіндегі автоматтандырылған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталған, ол келесі функцияларды қамтамасыз етеді: есіктердің автоматты түрде ашылып-жабылуы, тоқтау және жылдамдату, депоға кіру және шығу, құрамдардың жағдайын бақылау, сондай-ақ пойыздар арасындағы қашықтықты қадағалау. Құрамдар толықтай автоматтандырылған, басқару жүйесі жүргізушісіз жүзеге асырылады және операторлар тарапынан үнемі бақылауда болады. Аталған құрамдарды өндіру барысында заманауи, жеңіл және берік материалдар қолданылды. Бұл шешім жолаушыларға қолайлы динамикалық сипаттамалар мен жоғары деңгейдегі акустикалық жайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған», делінген хабарламада.
Жылжымалы құрамдардың техникалық сипаттамалары:
Ұзындығы – 59,97 м; Ені – 2,8 м; Биіктігі – 3,8 м; Қуат көзі: үшінші рельс, 750 В; Сыйымдылығы – 600-ден астам жолаушы; Ең жоғары жылдамдығы – 80 км/сағ; Орташа пайдалану жылдамдығы – 39,5 км/сағ; Салмағы – 94 тонна (жолаушыларсыз).Жаңа пойыздар заманауи, жеңіл әрі берік материалдардан жасалған, бұл жолаушыларға жоғары деңгейдегі акустикалық және динамикалық жайлылықты қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, вагондарды сатып алу және тасымалдау жұмыстары EPC-келісімшарт аясында жүзеге асырылған, яғни бұл үшін ел бюджетінен бөлек қаражат бөлінбеген.