Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлеме қайта қаралды. Енді ол жылдық 20 пайыздан аспауы тиіс — бұған дейін бұл шек 25 пайыз болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тиісті шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қабылдады.
Сыйақы мөлшерлемесін төмендету туралы норма 2025 жылдың сәуір және мамыр айларында қол қойылған екі ведомствоның бірлескен қаулысында бекітілді. Бұл құжат 2024 жылдың тамызынан бастап күшінде болған бұрынғы қаулыға өзгерістер енгізеді.
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) — бұл несиенің барлық комиссиялар мен төлемдерді ескере отырып есептелетін нақты құны. Жоғарғы шекті мөлшерлеменің белгіленуі банктерге ипотекалық несиелерді осы мөлшерлемеден жоғары пайызбен беруге тыйым салады.
Маңыздысы, бұл шектеулер тек жаңа шарттар жасалған кезде ғана емес, бұған дейін берілген несиелер бойынша мөлшерлемелер өзгергенде немесе жаңа комиссиялар енгізілгенде де қолданылады.
Әділет министрлігінде тіркеуден өткен соң құжат «Әділет» базасына енгізіледі. Алайда оны қазірдің өзінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан көруге болады.
Бұған дейін Ұлттық банк өкілдері ипотеканың 10, 15, 20 жылға 11-12 пайызбен берілуінің өзі қазақстандықтар үшін ауыр жүк екенін айтқан болатын.