Алматы қаласында рұқсатсыз жүргізілген құрылыс жұмыстарына бақылау күшейтілуде. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, заңсыз нысандарды анықтау және оларды жою жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық құрылыс бақылау басқармасының хабарлауынша, бүгін «Теректі» шағынауданындағы Айналма көшесі, 183-учаскеде орналасқан заңсыз тұрғын үй кешенін бұзу жұмыстары басталды. Бұған дейін бұл нысан ақпарат құралдарында пәтер сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үйлер тізіміне енгізілген болатын.
Анықталғандай, нысанды салған — «Investment Stroy» ЖШС. Жоспардан тыс тексеру барысында аталмыш құрылыс ешқандай рұқсатсыз жүргізілгені белгілі болған. Осыған байланысты меншік иесіне әкімшілік шаралар қолданылып, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына тұрғын үй кешенін бұзу және құрылыс орнын қайта қалпына келтіру туралы талап арыз берілген.
"2023 жылдың 12 шілдесінде сот талапты толық қанағаттандырды. Кейін апелляциялық шағым қаралып, Алматы қалалық соты алғашқы шешімді күшінде қалдырды. Қазір нысанды бұзу жұмыстары сот орындаушыларының қатысуымен жүргізілуде" дейді басқармадағылар.
Қалалық құрылыс бақылау басқармасы Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына жылжымайтын мүлік сатып алар алдында тұрғын үй кешенінің барлық рұқсат құжаттарының болуын мұқият тексеруге кеңес берді. Бұл — қаржылық қауіпсіздік пен заң алдындағы жауапкершілікті қамтамасыз етудің басты жолы.