Елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, суармалы егіншілікке тәуелді өңірлер үшін бұл мәселенің мәні зор. Осы бағытта жасалған нақты қадамдардың бірі – Жамбыл облысы Шу ауданында жүзеге асырылған су есепке алу және бақылауды автоматтандыруға арналған қанатқақты жоба, деп жазады Egemen.kz.
Аталған жоба Тасөткел магистральды каналының соңындағы К1 және «Далақайнар» тармақтарында іске асырылды. Су арналарындағы есепке алу мен басқару жүйесін толық цифрландыруды көздейтін бұл бастама «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының тікелей бақылауында жүзеге асырылып отыр.
Жоба аясында канал бойындағы су көлемін нақты әрі үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар орнатылған. Енді диспетчерлік орталық судың нақты көлемі, таралу бағыты мен техникалық күйі туралы деректерді онлайн режимде бақылап отырады. Тәулік бойы жұмыс істейтін екі бейнебақылау камерасы мен қорғаныс жүйесі де инфрақұрылым қауіпсіздігін арттыруға сеп болмақ.
Автоматтандырылған жүйе судың босқа ысырап болуына жол бермей, оның ауыл шаруашылығы мақсатында әділетті бөлінуін қамтамасыз етеді. Әсіресе, вегетациялық кезеңде су тапшылығын болдырмау үшін бұл шешімнің маңызы зор. Цифрлық бақылаудың арқасында артық шығын азайып, су арналарын басқару нақты есеп пен мониторингке сүйеніп жүзеге асады.
Жоба тек техникалық тұрғыдан ғана емес, стратегиялық маңыздылығымен де ерекшеленеді. «Қазсушар» филиалының директоры Қайрат Амановтың айтуынша, бұл бастама ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртудың тиімді үлгісіне айналуы мүмкін.
«Жаңа жүйе суды есепке алуды айтарлықтай жеңілдетеді. Іске асырылып жатқан пилоттық жоба су секторын цифрландырудың тағы бір қадамы. Ол ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртудың тиімді үлгісі бола алады», – дейді ол.
Қазіргі таңда еліміздің бірқатар өңірлерінде су тапшылығы мәселесі өткір сезіле бастады. Бұл жағдайда автоматтандырылған басқару жүйелері мен нақты есепке негізделген модельдер ғана суды үнемдеудің, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуының кепілі болмақ. Шу ауданындағы жоба – осы бағыттағы алғашқы әрі сенімді қадам.