• RUB:
    6.41
  • USD:
    511.77
  • EUR:
    593.19
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Маусым, 2025

Инвестициясыз өнім жоқ - экономист

70 рет
көрсетілді

Елімізде ресми инфляция баяулап жатыр десек те, мұны халықтың әмияны аса сезініп отырған жоқ. Экономист Алмас Чукин Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдыратынын айтады. Бұл – жақсы жаңалық, деп жазады Egemen.kz.

Сарапшының айтуынша, еліміздегі инфляциялық ахуал әлі де ушығып тұр. Жыл басынан бері есептік инфляция 11% деңгейіне жақындап қалды.

«Ұлттық банк бұдан да қатаң шешім қабылдап, мөлшерлемені көтеруі мүмкін еді. Бірақ олар тек болжамын нашарлатумен шектелді. Енді инфляция 2027 жылы ғана мақсатты дәлізге түседі дейді. Бұл, меніңше, тым оптимистік сценарий»,  дейді Чукин.

Салыстыру үшін Ресейдің Орталық банкі мөлшерлемені 21%-дан 20%-ға түсірді. Яғни олар да енді абайлап әрекетке көшкен. Бірақ қызығы бізде де, оларда да инфляция деңгейі ұқсас болғанымен, Қазақстанда мөлшерлеме айтарлықтай төмен.

«Нәтижесінде не болады? Біз рубльді 6,46 теңгеден сатып аламыз – бұл девальвациялық соққы. Одан кейін Ресейден 10% инфляцияны импорттаймыз. Бұл – қосарланған әсер», дейді ол.

Жақсы жаңалықтардың бірі – 2025 жылға арналған экономикалық өсім болжамы 6%-ға дейін көтерілді. Бірақ Алмас Чукин бұл көрсеткіштің мазмұнына назар аударуға кеңес береді.

«Бұл өсім қайдан келіп жатыр? Жеке сектордан емес, мемлекеттен. Яғни бұл бюджеттік инвестициялар – әскери жалақы, мектеп құрылысы, т.б. Ал мұндай сұраныс экономиканы «қыздырады», бірақ нақты өнім өндірмейді. Бұл – инфляцияны күшейтетін тікелей фактор. Ал жеке кәсіпкерлікке несиенің қолжетімсіздігі тағы бір тығырық. Жоғары мөлшерлеме бизнеске кредит бермеу деген сөз. Ал кредит жоқ жерде инвестиция да жоқ. Инвестициясыз – өнім де жоқ. Өнім болмаса – сұраныс өсіп, инфляция күшейе береді. Бұл – тұйық шеңбер», дейді сарапшы.

Чукин кейінгі жылдардағы инфляцияға тоқталды: 10%, 20%, 10%, 8% – жай сандар емес, жинақталған әсер. Көпшілік бәрін қоссаң 50% деп ойлайды. Бірақ инфляция қарапайым арифметикамен жүрмейді. Ол күрделі пайыз арқылы көбейеді. Нәтижесінде, халықтың нақты табысы әлдеқайда көбірек төмендеді. Кәсіпорындардың сатып алу қабілеті құлдырады. Алайда дәл осы күрделі жағдайда сырттан пайда болған бір ерекше құбылыс бар.

«Қытайда керісінше жағдай. Олар бағаның түсуімен күресіп отыр. Экономика баяулады, экспорт тұралап қалды. АҚШ-пен тарифтік соғыс, ішкі сұраныстың құлдырауы – бәрі қатар келді. Ал зауыттар толып тұр. Баға соғысы» дегеннің нақты мысалын ол былай жеткізеді: «Қытайдың BYD компаниясы көліктерін 34%-ға дейін арзандатты. Кейбір модельдер – өзіндік құнынан төмен сатылып жатыр. Бұл қалыпты бәсеке емес, қарсыласты құрту үшін бағаны әдейі құлататын инволюциялық бәсеке», дейді Чукин.

Экономист тіпті өз тәжірибесінен мысал келтіреді: «Қытайлық бір кәсіпкер маған 100–200 электробус ұсынды. «Неге?» десем, «Клиент тапсаң болды, ақшасын кейін берсе де жарайды. Біз үшін қойманы босату маңызды» дейді. Бұл – нарықтық қатынас емес, аман қалудың стратегиясы.

«Міне, дәл осы баға соғысының бізге әсері қандай? – дейді Чукин. – Біз үшін бұл — көлік нарығында бағаның төмендеуі, инфляцияға қысымның әлсіреуі. Яғни Қытайдың дағдарысы бізге импорт арқылы оң ықпал етіп жатыр».

Оның айтуынша, егер Қазақстан бұл жағдайды дұрыс пайдалана білсе, қолжетімді техника, арзан көлік, тиімді логистикалық келісімдер арқылы ішкі нарықты жаңғыртуға мүмкіндік бар.

«Біз бұл сәтті өткізіп алмасақ – инфляцияны тежеудің сыртқы ресурсына қол жеткізе аламыз», дейді ол.