Түркістан облысының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 198 жер қойнауын пайдаланушы бар. Оның 74-і келісімшарт және 124-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Ал жұмысы тоқтатылған 24-і жыл басынан бері келісімшарттық лицензиялық міндеттемелерін орындамаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік дамуына арналған төлемдерді міндеттеу үшін 8 жер қойнауын пайдаланушы бойынша сотқа талап-арыз жолданып, 12-іне қайта ескертпе хат жолданды. Одан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың кен орнындардың жерлеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шара жоспарын бекіту ұсынылған.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Бегімхан Ахметовтің мәліметінше, облыс аумағында құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне байланысты топырақ, құм және қиыршық тасқа сұраныс артып, жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері орын алуда.
Жыл басынан заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 155 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар Әкімшілік кодексінің 139-бабында көзделген жауапкершілікке тарту үшін, құзырлығына қарай экология департаментіне жолданған. Заңсыз жер қойнауына қатысты фактілер Ордабасы, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Отырар, Сауран аудандары мен Кентау, Арыс қалалары аумағында жиі тіркеліп отыр.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы жүргізген рейдтік іс-шара барысында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың – 21, заңсыз жер қойнауын тасымалдаудың 12 дерегі анықталды.