Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 6,5 мың кәсіпкер бар. Бұл қағаз жүзіндегі көрсеткіш емес, іс бастағандардың 96%-ы тұрақты жұмыс істейді. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаевтың дерегінше, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 165 млн теңгеге 29 жоба басталған.
Одан бөлек, өңірдегі темір-бетон, асфальт өндірісі секілді ірі жобалар биыл іске қосылады. Бір гектар аумаққа жылыжай салатын инвестор дайын. Алдағы 2-3 жылда 10 жоба іске аспақ. «Бұрын кәсіпкерлікте қызмет көрсетумен айналысатындар көп болатын. Қазіргі жобалар арасында өндірістік бағыт басым. Іспен айналысам дегендер арасында жастар көп», дейді бөлім басшысы.
Мемлекет қолдауымен шаруасы алға басқан тұрғынның бірі – Наурыз Айымбетов. Бастапқыда 2 сотық жерге жылыжай салған ол бүгінде ауқымын ұлғайтып, табысын еселей түскен.
«Отбасылық бизнесті әкем бастады. Бастапқыда жылыжайы шағын еді. Табысты боларына көз жеткізгесін көлемді көбейтуді ойладық. Осылайша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, 8 сотық жерге қызанақ, қияр егіп отырмыз. Жылына қызанақтан – 10, қиярдан 5-6 тонна аламыз. Таза пайдамыз 5-6 млн теңгенің айналасында», дейді кәсіпкер.
Өткен қыста тәжірибе ретінде салат жапырағын егіп көрген. Бабын тапсаң, біте қалатын көкөніс екен. Қыстың суығына да төзімді болып шықты. Шыққан өнім аудандағы азық-түлік дүкендері мен мейрамханалардан артылмады. Былтыр аудан әкімімен кездесуде тағы 1 гектар жер сұраған. Сол шаруа сөзбұйдаға салынбай жылдам шешіліпті. Енді Наурыз Алматыдағы інісін шақырып, келер жылы сол жерден жылыжай салмақ.
«2000 жылдары Өзбекстаннан көшіп келгенде осы жер қу тақыр еді. Балаларымды жаныма ертіп жүріп алма, өрік, жүзім ектік. Бейнеттің арқасында қазір аула қалың бауға айналды. Осындағы таныстардан алған анар көшетін былтыр тігіп, қыс бойы жан-жағын қымтап, баптап шықтым. Қазір алғашқы жемісін сала бастады. Қуанатыным, балаларымның бейнетке шыдағанның берекеге кенелетініне көзі жетті. Осының арқасында мемлекеттің қолдауына сүйеніп, кәсібін кеңейтіп отыр», дейді Наурыздың әкесі Жұмабай Айымбетов.
Жергілікті кәсіпкерлер арасында макарон өнімдерін шығарып жатқандар да бар. Ісін наубайхана ашудан бастаған Еркінбай Шідербаев азық-түлік дүкенін қатар алып жүрді. Жаңа іс бастау үшін жоба құрып, жоспарын жетілдірген соң былтыр мемлекеттік бағдарламаға қатысып, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 19,5 млн теңгені 4%-бен алды. Несиеге қажетті құрал-жабдығын түгендеді. Істі бастамас бұрын Алматы қаласынан арнайы технолог маман шақыртып, өнім құрамын, жасалу жолын үйреніп, тәжірибе жинақтады.
«Италиялық автоматтандырылған технология арқылы жыл басынан бері 5 тоннаға жуық өнім шығарыппыз. Соның бәрі осы ауданға сатылды. Сырттан келетін тауарлардан ерекшелігіміз – ешқандай бояу қоспаймыз. Сапасына кепілдік береміз. Ел сауда сөресінен алдымен біздің өнімді іздейді», дейді.
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы