• RUB:
    6.41
  • USD:
    511.77
  • EUR:
    593.19
Басты сайтқа өту
Экономика Кеше

Ел кәсіпкерлеріне жеңілдікпен несие беріледі

60 рет
көрсетілді

Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жеңілдікпен несиелендірудің жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады. Бұл құрал микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған, деп жазады Egemen.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңілдетілген несие  өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру, денсаулық сақтау салалаларына бет бұрған кәсіпкерлерге беріледі. Түпкі қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6% -дан аспайды.

Бағдарлама бойынша жалпы қаражат көлемі 750 млрд теңге болады, оның 300 млрд теңгесін Қор бөледі, ал 450 млрд теңге екінші деңгейлі банктер тарапынан бірлесіп қаржыландыру аясында тартылады.

«Өрлеу» бағдарламасы инвестициялық мақсаттарға жеңілдікті қарыз беруді, айналым қаражатын толықтыруды және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруды көздейді.

Негізгі шарттар:

• қарыздың ең жоғары сомасы – инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына 3,5 млрд теңгеге дейін;

• сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6% -дан аспайды;

• қаржыландыру мерзімі: инвестициялық мақсаттарға 10 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылдан аспайды, кредиттерді қайта қаржыландыруға қаржыландырылатын берешек мерзімінің қалдығынан артық емес.

«Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер тікелей несие берушілерге жүгінуі қажет. Қазіргі кезеңде Freedom Bank, ЦентрКредит Банкі және Halyk bank-пен тиісті келісімдерге қол қойылды.