• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Еңбек Кеше

Қарабауырдың қымызы-ай!

50 рет
көрсетілді

Босағасына береке үйірілген ауыл тұрғындарын көргенде бар істің басында еңбекқорлық тұр-ау деген ұйғарымға келерің бар. Тасыңның өрге домалауы да тікелей осы еңбек атты құдіретке байланысты.

Жылқыбайдың арманы – қымызды ұнтаққа айналдыру

Көпшілік қазір «Қарабауыр­дың қымызы-ай» десіп тамсанады. Бұл қымызды өндіретін «Жаз» шаруа қожалығы сонау 2003 жылы ұйымдасқан. Қо­жа­лық басшысы Жылқыбай Төле­ген­ұлының айтуына қарағанда, ата­дан қалған құтты құрыққа ие бо­­лып қалса керек. Малды өз төлі есебінен өсірген, тұқымын жақ­сартқан, сұрыптаған. Қазір 400-ден аса жылқысы бар. 500 қойы тағы бар. Негізгі шаруа – ала­­­жаздай күмпілдетіп бие сауу. Ниет­теріне орай игілік үйіріліп тұр.

– Өнімді өндіру барда, өткізу бар. Бәлкім соңғысы қиын шығар, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – бір жақсысы жер жәннаты Бурабай іргемізде, жаз бойы адам аяғы үзілмейді. Шипажайлармен келісімшарт жасасып, уақтылы жеткізіп береміз. Облыс орталығының сау­да нүктелерімен де жұмыс істей­міз. Кейінгі жылдары қы­мыз­ға деген сұраныс баршылық. Әсіресе аға буын арасында. Жастар жағы қадіріне жете бермейді.

Жылқыбай Төлегенұлының арманы – қымызды ұнтаққа айналдыру. Сонда алыс-жақын шетелге өткізу оңай болар еді дейді:

– Мәселен, Германияға. Естуімізше ол жақтағы жастар бірінші орынға жұмысты қойып, сәбилерін емшектен ерте айырады екен. Неміс ғалымдары бие сүтінің құрамын зерттеп, ана сүтіне жақыны осы деп тапқан. Тек біз ұнтаққа айналдыра алмай жатырмыз.

Жылқышының пайымынша, жаңа жұмыс орындарын ашудың да бір жолы осы. Тағы бір түйткілі елдің еңбектен қол үзіп қалуы.

– Оның өзінде әрқайсының тілін табамын деп табаныңнан тозасың. Жалақысы айына 250–300 мың теңгеден кем емес. Ауылдық жерде тәп-тәуір табыс емес пе? Кейбіреуінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы­на қолұшын бересің. Малдың тілін табудан адамның тілін табу қиын болып тұр. Жастар жағы қалаға қоныс аударған. Дәл осылай бола берсе табиғаты тамылжыған туған өлкенің құт бесігі бос тербеліп қалмақ, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – субсидия алмаймын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сүт­тің литріне 60 теңгеден төленген. Төрт түліктің төресі жылқыға субсидия бөліп, жалынан сипап отырған ешкімді көре алмадық.

 

Ағы бардың бағы бар

Шаруа қожалығы күніне 500 литрге дейін қымыз өндіреді. Сұраныс болса тоннаға жеткізу­ге мүмкіндіктері бар. Бие сауу қысы-жазы тоқтамайды. Әу­лет­тің келіні Зәуре Ғалиақпа­рованың айтуынша, қымыз бап­тау өнерін ата-анасынан үйрен­ген. Өзі де жиырма жылдан бері осы істің берекесін келтіріп жүр.

– Қымыз баптау бөлек өнер. Қазір жас қыз-келіншектер бие саууды ұмытқан. Ал жарықтық жылқы малының алпыс екі тамырын исіндіріп, тас емшегін жібітіп шығатын сүттің құнары, құрамы, адам ағзасы үшін қан­ша­­лықты пайдалы екенін күнде­лікті қарапайым тіршілікте де, жөпшеңді адамның миы жетпес ғылымда да айқын дәлел­ден­ген. Әжелеріміз биені идіргеннен кейін бір қолымен оң жақ санының алдынан, екінші қолымен сол жақ санының артынан құшақтап отырып сауатын. Таудай бие теуіп қалады-ау деп қорқып, үрікпейтін. Қашан да сезімтал жылқы малы өзінен қорыққан адамды аңғарып сезіп тұрады. Бие емшегінің үрпі кең әрі жұмсақ келеді. Сондықтан оны тез-тез саумаса сүт ағып кетеді, әйтпесе иісініп тоқтап қалады. Сондықтан бұл арада бие саууды әншейін жай ғана бір тіршілік көзі саналатын күнкөріс деп емес, айрықша бітімді, көшпелі халықтардың ғана маңдайына жазылған өнер деп ұғынуымыз керек. Өрістен келген мама биелердің жалын тарап, сылап-сипап, еркелетіп жататын. Әу баста жаратқан ие артық жаратқан төрт түліктің төресі жылқы малы да өзін жақсы көрген, аялап-әлпештеген адамды ұнатады. «Ағы бардың бағы бар» деп халық тегін айтты дейсіз бе? – дейді Зәуре Ғалиақпарова.

 

Төрт түліктің төресі музыканы ұнатады

Рас, қымыз көпшіліктің асы бо­латын. Бие байлаған үй несі­бе­сін көпшілікпен бөлісіп іше­т­ін. Көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-бірін биені байлап, қа­шан ағытқанша дейін сыба­ға­сы деп, ақтан ауыз тиіңіз деп ша­қырысып жататын. Мұ­ның барлығы сол кездегі адамдар­дың бір-біріне деген кең қол­тық, жомарт пейілі. Қазір жылқы ұстағанымен оның пай­дасын өз басына жарата алмай отырғандар көп. Ұлттық тағамдардың ішін­дегі ең құрметті дастарқан мә­зірі осы қымыз. Әдетте сауылатын биелер сақа бие, қулық бие, қысырақ бие деп үшке бөлінетін. Сақа бие – сан мәрте құлындаған, саууға әбден көндік­кен, бас білген бие. Қулық – құнажын немесе дөнен кезінде алғаш құлындаған бие. Қысырақ бие деп соңынан былтырғы құлыны, қазіргі жабағы еріп жүрген қысыр қалған биені айтады. Тай еміп жүргендіктен қы­сырақ биелер сауыла береді. Ол тұста шөптің шығымына, мал­дың күйіне қарай сауылатын сүт­ті биелерді үйдегі үлкендер ірік­теп, таңдап, тұқымын үзбей ұс­тайтын. Құлын байлайтын қа­зық­қа, айғырдың жалына май жа­ғып, ырымдаушы еді. Бие бай­лау мерзімі мамыр айының бас кезінде болатын. Бұл кезде құ­­лын­дар марқайып, жетіледі. Күні­не бес-алты сағат байлауда болады.

– Бие сауумен айналысқалы он жылдай уақыт өтті, – дейді ауыл тұрғыны Асылхан Кенебаев, – бие байлауды сәуірдің соңында бастаймыз. Алғашқыда сауын арасы 1,5 сағат мөлшерінде, кейін қысқартамыз. Тәулігіне 6–7 сауынға жеткіземіз. Қожалықта жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жатақхана бар, жала­қысы уақытында төленеді.

Төрт түліктің төресі музыканы ұнатады екен. Жастар алдыңғы жылы бие сауған кезде әдемі әуендерді қоятын болған. Сезімтал мал мұндай сәттерде жақсы иеді екен.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы

Соңғы жаңалықтар