• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат Кеше

«Адамның өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы»

70 рет
көрсетілді

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Атаулы күн қарсаңында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал ӘЛНАЗАРОВАМЕН саланың жетістіктері, бүгінгі сын-қатерлер мен дәрігерлердің қоғамдағы рөлі туралы сұхбаттастық.

– Ақмарал Шәріпбайқызы, денсаулық сақтау саласы үне­мі қоғам назарында. Салада қордаланған мәселелер қалай шешімін тауып жатыр? Қандай міндеттер қойылды және не жүзеге асты?

– Өткен жылдан бастап бастапқы медициналық-сани­та­риялық көмекті (БМСК) жүйе­лі түрде қайта құруды бас­тадық. Бұл заңнама дең­гейінен бас­тап цифрлық шешім­дер мен жаңа клиникалық тәжіри­белерді енгізуге дейінгі барлық деңгейді қамтиды. Біз жалпы практика дәрігерлерінің (ЖПД) өкілеттіктерін кеңей­тіп, «отбасылық дәрігер» қағидат­ын енгізіп жатырмыз.

БМСК қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту үшін ынталандыру жүйесі қайта қаралды, дәрігерлердің үйге шығу міндеті алынып тасталды, шұғыл көмек кабинеттері мен мобильді бригадалар құрылып жатыр, БМСК ұйымдарындағы көмек көрсету маршруттары өзгертілді. Мұнда мейіргер мамандар пациентпен алғашқы байланыс орнатушы ретінде қызмет атқарады. Министрлік мейіргер қызметінің функцияларын күшейтіп, алдын алу шараларын, жоспарлы қабылдауларды және динамикалық бақылау аясында пациенттерді жүргізу үшін жеке мейіргерлік қабыл­дау­ды енгізді. Бұл БМСК дәрі­герлеріне өз кәсібилігін арттырып, науқастармен толыққанды айналысуға мүмкіндік береді. Мобильді бригадалар мен шұғыл көмек кабинет­терінің іске қосылуы стационарға түсу жағдайын азайтады және халықтың БМСК ұйымдарына сенімін арттырады.

Жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау үшін жаңа скрининг түрлері енгізілді. Кардиология, онкология, эндокринология және басқа да бейіндер бо­йынша амбулаторлық көмекті үйлестіріп, жоғары білікті консультациялардың қол­жетімділігін арттыратын Құзы­реттілік орталықтары дамып жатыр. 2024 жылы бұл салада 3,5 миллионға жуық адамға, оның ішінде 936 мыңнан астам балаға стационарлық көмек көрсетілді. 900 мыңнан астам операция жасалды, оның ішінде 23,8 мыңнан астамына жоғары технология пайдаланылды.

Ел медицина­­сының бірнеше бағыты халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті. Әлемдегі үздік 22 клиника қатарында – еліміздің Ұлттық кардиохирургиялық және нейрохирургиялық орталық­тары бар. «Гамма-пышақ» радио­хирургиялық емдеудің алтын стандарты ретінде ми аурула­рын емдеуде қолданылады. Қазақ­станда әлем бойынша саны жүзге жетпейтін протондық терапияны қолданатын орталық ашылды. Онкологиялық ауру­­ларды радионуклидтік терапиямен емдеу кеңінен дамып келеді. Біздің жұмысымыздың нәтижесі өмір сүру ұзақтығының 2023 жылғы 75,09 жас көрсеткішінен 2024 жылы 75,44 жасқа дейін өсуі болды.

–  Скринингтік бағдарла­ма­лар тура­лы айтып өттіңіз, олар қаншалықты тиімді және оларды кеңейту жоспарда бар ма?

– Скринингтердің бірнеше түрі бар – қан айналымы жүйесі, қант диабеті, глаукома секілді ауруларды анықтауға арналған рутиндік скрининг­­­­тер. Бұған дейін онкоскринингтер тек сақтандырылған адамдар үшін қол­же­тім­ді болған.

Енді заңнамалық деңгейде қабыл­данған өзгерістерден кейін онкологиялық скринингтер халықтың барлық санаты үшін қолжетімді болады. Олар МӘМС пакетінің орнына ТМККК пакетіне ауыс­тырылады. Бұл – сақтандыру жүйесінен тыс қалған, саны 3 миллионнан асатын азаматтарға да скринингтер қолжетімді болады деген сөз.

Сапаны арттыру үшін ПМСП деңгейінде онкоскринингті үйлестіру орталықтары ашылады, әрі қарай онкоорталықтарда терең тексеру жүр­гізіледі.

Қазіргі заманғы тестілер – әйелдер үшін 35–55 жас аралығында ВПЧ тесті, жасырын қанға арналған тест, виртуалды колоноскопия, асқазан мен өкпе обырын ерте диагностикалау бағдарламалары әзірленеді. B және C гепатиттеріне жаппай скрининг жүргізу, әрі қарай емдеу мен бақылау қарастырылған. 2025 жылдың III тоқсанынан бастап ерлер арасындағы инсульт пен инфаркттің алдын алу мақсатында ми функцияларының ерте бұзылуын анықтайтын скрининг басталады. Кейбір скринингтер дәлірек диагностикалық тесттермен алмастырылды, мысалы, гликирленген гемоглобинді талдау енгізілді, скрининг жасына қа­тысты талаптар қайта қаралды.

– Кейінгі жылда ана мен бала өлімі азайғаны байқалады. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылды?

– 2024 жылы 2024–2030 жыл­дарға арналған Ана мен бала­­ның денсаулығын қорғау қызметін дамыту бойынша Іс-қимыл жоспары бекітілді. Жүкті­­­лер мен босанатын әйелдерге көрсетілетін көмекті жетілдіру шаралары нәтижесінде ана өлімі 12%-ға төмендеп, тәуелсіздік алғаннан бергі ең төменгі деңгейге жетті. Біріншіден, акушерлік-гинеко­­ло­гиялық көмек көрсетуге арнал­ған 25 клиникалық хаттама қай­та қаралды. Кейінгі 10 жылда алғаш рет босану қызметіне арналған тарифтер 60%-ға көте­рілді. Сондай-ақ нәресте өлімі құры­лымында екінші орында тұра­тын туа біткен даму ақау­ларын ерте анықтау жұмысы күшейтілді. Кейінгі бір жылда елдегі перинаталдық орталықтар базасында бір күндік 17 клиника ашылды. Бұл клиникаларда генетиктер, акушер-гинекологтер мен УДЗ мамандары мультидисциплинарлы форматта 2–3 сағат ішінде диагноз қойып, болашақ анаға қорытынды береді.

Неонаталдық қызметтің үйлес­тіруі айтарлықтай күшей­тілді. Перинаталдық орталықтарда нео­на­талдық хирургиялық төсек­тер саны 20%-ға артты, жылына орта есеппен 1500 жаңа туған нәрестеге операция жасалса, оның 40%-ы – эндовидеохирургия әдісімен жүзеге асады. Нәтижесінде, операциядан кейінгі нәрестелердің өмір сүру деңгейі 93%-ға дейін артты, туа біткен ақаулардан болатын өлім-жітім 15%-ға төмендеді. Елімізде алғаш рет фетальды медицина енгізілді. Бұл – жатыр ішінде жүктілік кезінде туабітті ақауды түзетуге мүмкіндік беретін аз инвазивті операция түрі. Бұл көмекті 87 бала алды.

2025 жылғы ақпанда жаңа педиатрия­лық көмек стандарты бекітілді. Мақсат – әр баланы және жүкті әйелді әмбебап патронаж пакетімен, ал 15% дамуы бұзылған балаларды арнайы мониторингпен қамту.

– Медициналық инфра­құ­ры­лым­ның тозуы – денсаулық сақтау саласының өзекті мәселесі. Әсіресе ауыл тұрғын­­да­рына сапалы қызмет қол­жетімді болуы маңызды. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Ауылдар мен шалғай аймақ­тардағы медициналық инфра­құрылымды жаңғырту – басты басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба аясында дәрігерлік амбу­ла­ториялар, фельдшерлік-аку­шер­лік пункттер мен меди­­­ци­налық пункттер салынып жатыр. Жалпы, 655 БМСК нысанын салу көзделген, оның ішінде 473 нысан пайдалануға берілді, 182-сін биыл аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ 32 аудандық аурухана МКРА деңгейіне дейін жаңғыртылып отыр.

Ауылдық медициналық мекемелер заманауи диагностикалық жабдықтармен, зертханалық құрылғылармен және телемедицина жүйелерімен жаб­дық­та­лып жатыр. Бұл ауыл тұрғын­да­­рының сапалы медициналық көмекті өз ауылында алуға мүмкіндік береді.

– Халықты дәрі-дәрмек­пен қам­та­ма­сыз ету, Жоғары аудиторлық палата ұсыным­да­ры­ның орындалуы туралы не айтасыз?

– Дәрі-дәрмек пен медици­налық бұйымдардың шекті баға­ларын қалып­тас­тыру тәсіл­дері қайта қаралды – артық шығын­дар алынып тасталды, дженерик­тер­дің шекті бағалары түп­нұс­қа препараттардың 30%-ына дейін төмен­детілді.

Талдау көрсеткендей, ТМККК мен МӘМС аясындағы шекті бағалар 19%-ға, көтерме және бөлшек нарықта 30%-ға дейін төмендейді.

Дәрілік заттарды тіркеу мер­зімі 100 жұмыс күніне дейін қысқартылды, ал жоғары реттеуші беделі бар елдер (АҚШ, ЕО, Ұлыбритания, Жапония) үшін жеделдетілген тіркеу жүйесі 15 жұмыс күнінен аспайды. Дәрі сапасын бақылау үшін тәуекелге бағытталған тәсіл мен бақылау-сатып алу жүйесі енгізілді. Вейптер мен олардың хош иістендіргіштері, сұйықтықтарын айналымға енгізуге заңды түрде ты­йым салынды. Энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгілерге сатуға тыйым енгізілді.

– Қайсыбір салада да білікті мамандарды ынталандыру мәселесі маңызды. Мемлекет тарапынан медициналық кадр­ларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

– Иә, дәрігер – білім мен дағды ғана иесі емес, сонымен бірге  миссия, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Техно­логия, жабдықтар, дәрі-дәрмек – маңызды. Бірақ ең бастысы – пациент­ке көмек көрсететін, жанашырлық танытатын ақ халатты адам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің қоғамдағы мәртебесін үнемі атап өтеді. 2024 жылы медицина қызметкерлерінің мәрте­бесін, құқықтық және қаржылық қорғанысын арттыруға бағыт­талған заң қабылданды. Меди­­­­цина қызметкерлері үшін кәсіби сақтандыру жүйесі енгізілді. 2024 жылы Мем­лекет басшысының бас­тамасымен алғаш рет үш дәрігерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді. Республикалық «Үздік маман» байқауының жеңімпаздары 500 АЕК мөлшерінде сыйақы алады. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша ауылға жұмысқа келген дәрігерлерге 5 жыл жұмыс істеу шартымен 100 ЕТЖ (8,5 млн теңге) көлемінде бір реттік төлем беріледі. Осының арқа­­­сын­да өткен жылы дәрігерлер тап­шылығы 19%-ға, орта меди­цина қызметкерлерінің тап­шы­лығы 7%-ға азайды. Меди­циналық білім сапасын арттыру үшін грант мөлшері сараланған, колледждер мен ЖОО-лардағы стипендиялар артты. Жас маман­дарға тәлімгерлік және бейім­делу жүйесі енгізіліп жатыр. 2025 жылы біліктілікті арттыру бағдарламалары жаңартылады. Мамандармен қамтуды арттыру үшін түлектерді бөлу комиссия­ла­­рының рөлі күшейтіледі.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында барша дәрігер мен сала маман­дарын шын жүректен құт­тықтаймын!

 

Әңгімелескен –

Қуат ӘУЕСБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»