• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Парламенттік дипломатияның серпінді қадамы

60 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының «Түркі дәуірі: парламенттік дипломатияның рөлі» атты XIV пленарлық отырысында сөз сөйледі. Іс-шара барысында ТүркПА-ға мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия Парламенттерінің спикерлері, сондай-ақ басқа да қатысушы мемлекеттердің өкілдері түркі әлеміндегі маңызды мәселелерді талқылап, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі міндеттерін белгіледі.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде ТүркПА парламентаралық диалог пен ынтымақтастықтың тиімді платформасы ретін­де толық қалыптасып, таныл­ғанына назар аударды. Парла­менттік Ассамблея бауырлас елдердің заңнамаларын жақындастыру, заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу үшін бірлесіп әрекет ету жолында маңызды рөл атқарады. Сенат төрағасы атап өткендей, жаһандық тәртіп пен қауіпсіздік негіздеріне әсер ететін қазіргі сын-қатерлерді еңсеру және мемлекеттердің әлеуетін дамыту үшін түркі елдерінің күш-жігерін біріктіру ерекше мәнге ие.

«Биыл мамыр айында Будапештте өткен Түркі мем­лекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәні ерекше артып отырғанын айтты. Бүгінде шиеленісе түскен гео­саяси тұрақсыздық, қарулы қақтығыстар, әлемдік экономикада әртүрлі проблемалардың ушығуы және протекционизм­нің күшеюі белең алып отыр. Санкциялық текетірестер мен технологиялық бәсекенің де әсерін атап өткен жөн. Мұның бәрі мемлекеттер арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың азаюына ықпал ететіні анық. Сондай-ақ бүгінде қарқынды технологиялық серпіліс дәуіріне қадам бастық. Сондықтан сын-қатерлермен бірге алдымызда жаңа мүмкіндіктер де ашылып жатқанын айтуға тиіспіз. Осыған байланысты түркі мемлекеттерінің зор әлеуетін толық пайдаланып, өзара іс-қимылды жандандыра түсуіміз керек», деді палата спикері.

Отырысқа қатысушылар Қазақстанның елордасында өтіп жатқан кездесу ортақ тарихи мұраға, мазмұнды диалогке және түркі әлемін одан әрі дамытуға деген айнымас адалдықтың жарқын көрінісі екенін айтты. Сондай-ақ мұндай басқосу көпжоспарлы өзара іс-қимылды нығайта түсуге оң септігін тигізетіні сөз болды. Сенат төрағасы ТүркПА-ға мүше елдер қазіргі сын-қатерлерге бейімделумен қатар өздерінің технологиялық, экономикалық және экологиялық күн тәртібін жүзеге асыруға қажетті әлеуетке ие екенін тілге тиек етті.

«Парламенттік дипломатияны одан әрі нығайту экономикадан мәдениетке дейінгі барлық деңгейдегі кооперацияға тың серпін береді. Осы ретте Парламенттеріміз арасындағы іс-қимылды арттырудың аса маңызды екенін атап өткім келеді. Бұл, әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында белгіленген экономикалық, көліктік, эко­логиялық және цифрлық бастамаларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету ісінде айрықша мәнге ие. Жалпы, ТүркПА-ның бүгінгі отырысы парламенттік дипломатиядағы жаңа көк­жиектерге жол ашады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Отырыс барысында пар­ламенттік делегациялардың мүшелері, халықаралық ұйымдар мен басқа да мүдделі тараптардың өкілдері өңірдегі стратегиялық серіктестікті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.

Сенат төрағасы отырыс алаңында парламенттік деле­гациялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Мәулен Әшімбаев Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушпен кездесуде оны аталған қызметке қайта сайлануымен құттықтап, парламенттік дипломатияны одан әрі нығай­тудың әлеуеті зор екенін айтты. Та­раптар парламентаралық ынты­мақтас­тықты, оның ішінде достық топтары мен салалық комитеттер арасындағы байланыстарды кеңейту мәселелеріне тоқталды. Сұхбат кезінде сауда, логистика, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыс салаларын дамыту тетіктері де сөз болды.

Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоиловпен кездесуде Қазақ­стан мен Өзбекстан арасын­дағы іс-қимылды әрі қарай нығайту мәселесі талқыланды. Сондай-ақ тараптар кейінгі жылдары саяси, сауда-эконо­микалық және мәдени-гумани­тарлық салалардағы өзара іс-қимыл жоғары деңгейге көтеріл­генін атап өтті. Кездесуде ынты­мақтастықты кеңейту перс­пективалары, оның ішінде ха­лықаралық парламенттік құры­лымдар аясында бірлескен бас­та­маларды ілгерілетуге қа­тыс­ты басымдықтар белгіленді.

Бұған қоса Мәулен Әшімбаев Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің төрағасы Сагиба Гафаровамен кездесті. Онда екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері әңгіме­ге арқау болды. Сұхбат­тасу­шы­лар парла­ментара­лық өзара іс-қимылды арттыру, бірқатар ауқымды эконо­микалық жобаларды бірлесіп іске асыру, Транскаспий халық­аралық көлік бағытын, ақпарат­тық-коммуникативтік саланы және басқа да секторларды дамыту жөнінде пікір алмасты.