Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың мәселесіне байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәлімдемеде отандық спорттың мақтанышы Михаил Шайдоровтың өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ екені атап өтілген.
«Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам, бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді», делінген ресми мәлімдемеде.
Спортты дамыту дирекциясы Михаил Шайдоров жалақысына қатысты түсінік берді
Серік Жарасбаевтың айтуынша, 5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанады. Сондай-ақ бірер күннен соң М. Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді.
«Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз», деп түйіндеді вице-министр.
Еске салайық, Михаил Шайдоров жалақы дауына қатысты мәлімдеме жасады.