• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2025

Көнеккеткендегі қуаныш

110 рет
көрсетілді

Ақжайық ауданына қарасты Көнеккеткен ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, тұрғындарды қа­былдай бастады.

«Фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы – қуанышты әрі маңызды оқиға. Бұл – Мем­лекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес ауыл тұрғын­дарының денсаулығын жақ­сартуға бағытталған жүйелі жұмыстың, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының нақты нәтижесі»,  деді ауыл халқының қуанышына ортақтаса келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Медициналық нысанның аумағы – 260 шаршы метр. Күніне 40 адамды қабылдауға қауқарлы пункттің жобалық құны – 207 миллион теңге. «Жиенбай» ЖШС құрылысты сапалы жүргізіп шыққан.

Көнеккеткен ауылы Жайық өзенінің сол жағында орна­ласқан, газ, су, жол сияқты игілік кешігіп жететін ауылдың бірі. Бірнеше жылдан бері салынып жатқан «Барбастау – Ақжайық – Индер» автожолы қазір Есенсай ауылына жақындап қалды. Автожолдың 93 шақырымынан бастап Есенсай ауылына дейінгі 52 шақырымына биыл асфальт төселсе, Көнеккеткен ауылдық округі аумағы толық асфальтпен қамтылады. Көктемде, күзде, жауын-шашын уақытында жол азабын тартатын тұрғындар үшін бұл – үлкен жетістік. Өңір басшысы осы сапарында автожолдан Көнеккеткен, Қамыстыкөл ауылдарына бұры­латын кіреберіс жолдар да жөнделетінін айтып, көпшілікті қуантып тастады.

Биыл Көнеккеткен ауылында құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір 100 орындық мәдениет үйінің қабырғасы қаланып тұр. Құрылысшылар әкімге берген уәдесінде тұрса, ішкі әрлеу жұмысы жылдам аяқталып, қыркүйектің басын­да ауылда жаңа мәдениет үйі де ашылуға тиіс. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық ин­фра­­құрылымды дамыту­дың 2023–2029 жылдарға ар­нал­ған тұжырымдамасы аясында 2 пәтерлі 2 тұрғын үй салы­нып жатыр. Аудан әкімі Мұ­рат Сердалин тұрғын үйлер мау­сым-шілде айларында аяқ­та­­лып, әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға кезек бойын­ша берілетінін мәлім етті.

Айта кетейік, 2023–2025 жылдары Батыс Қазақстан облысында 50 жаңа медициналық нысан салу көзделген болса, соның 39-ы бүгінде іске қосылды.

 

Батыс Қазақстан облысы