Мемлекет басшысының айтуынша, ҚХР Төрағасы қазақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ саналған, ал оның бұл жолғы сапары – шынайы әрі мызғымас достығымыздың айқын көрінісі, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының елімізге сапары оның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше мән беріп, Си Цзиньпинге зор денсаулық, бақ-береке, жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі
– Сізді Қазақстанда аса көрнекті мемлекет қайраткері, халықаралық қоғамдастық алдында зор абырой-беделге ие көреген көшбасшы деп біледі. Еліңіздің қарқынды дамуы Өзіңізбен тікелей байланысты. Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында Қытай Халық Республикасы әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісінде ерен жетістікке жететініне сенімдімін. Біз жаңа тарихи кезеңде өзіне тән ерекшелігі бар социализм негізін қалап жатқан Қытай халқының мол табыстарына шын қуанамыз. Сіздің маған және барша Қазақстан халқына деген құрметіңізді жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.